400 000 теңгеге жуық шығын келтірген.
Түркістан облысында дүкеннен түрлі тәттілер мен сусын ұрлаған шымкенттік азаматтар ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазығұрт АПБ-ға жергілікті тұрғын ұрлықшылардың құрбаны болғандығы жөнінде арызданып, түнгі сағат 01:00 шамасында дүкеніне белгісіз азамат ұрлыққа түсіп, түрлі тәттілер мен сусындарын ұрлағанын айтқан. Сонымен қатар кассадан 80 000 теңге ақшасын жымқырып, жалпы 400 000 теңгеге жуық шығын келтіргенін жеткізген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеген.
Жедел-тергеу тобы жүргізген іс-шаралардың нәтижесінде күдікті ретінде екі азамат анықталды. Олар бұрын ұрлық жасағандары үшін сотты болған Шымкент қаласының тұрғындары. Қазіргі таңда күдікті екі азамат қамауға алынып,аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдіктілер өзара сөз байласып, дүкеннің терезесінің темір торын бұзып кіріп, қолдарына ілінген тәттілер мен сусындарды және кассадан ақша ұрлап, бөлісіп алған. Қолды болған заттарды Сайрам ауданының дүкендерінің біріне алып барып, арзан бағада өткізіп жіберген. Ал түскен пайданы өз қажеттіліктеріне жұмсаған.