ТҮРКІСТАН: «Елім-ай» дастанының 300 жылдығына орай тұғыртас орнатылды

0
897

Жиынға елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер мен ардагерлер қатысты.


ТҮРКІСТАН: «Елім-ай» дастанының 300 жылдығына орай тұғыртас орнатылды

Созақ ауданында «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдығына орай орнатылған тарихи тұғыртастың ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Созақ ауданында даңқты батыр, әскери қолбасшы, ұлы жырау Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастан жырының 300 жылдығына орай орнатылған тарихи тұғыртастың ашылу рәсімі өтті. Жиынға елімізге еңбегі сіңген қайраткерлер мен ардагерлер қатысты.


Салтанатты шараны «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталығы төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірзақ Озғанбаев ашып берді. Өз сөзінде академик осындай тәлімді, өнегелі істердің өскелең ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті.


Шара барысында Халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстан Республикасының «Ардагерлер ұйымының» төралқа мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, журналист, Солтүстік Қазақстан облысы «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарасбай Сүлейменов, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, тарих беттерінде жазылған қасіретті жылдар туралы баяндады. Сондай-ақ бүгінгі ашылып жатқан ескерткіштің мақсатына тоқталды.


Тұғыртастың лентасын Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталығы төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірзақ Озғанбаев, ақын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иран-Ғайып қиса, Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен Халықаралық «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстан Республикасының «Ардагерлер ұйымының» төралқа мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев бастаған ардагерлер тұғыртасты ашты. Сонымен қоса дәстүрлі әндер шырқалып, арнау айтылды.


Биыл қазақ халқының басындағы ең ауыр нәубет «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» кезеңінен сыр шертетін «Елім-ай» дастанына 300 жыл толып отыр. Үкімет қаулысының негізінде Мәдениет және спорт министрінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесіне бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, осы тарихи оқиғаны мәңгілік есте қалдыру үшін тарихи тұғыр тасты Шаян - Шолаққорған бағытындағы күре жолдың Қаратау асуында орнату жоспарланған. Осы бастама жүзеге асты.