Күзетшілер немесе қызмет көрсететін адамға хабар беріліп, көмек қолын созады.
Түркістан облысының орталығында ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін біршама бастамалар қолға алынуда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Инклюзивті орта құру мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстардың бірі – шақырту батырмасы. Шақырту батырмасы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында орнатылуы қолға алынған.
Яғни, ғимаратқа кірер алдында қоңырау басар болса, күзетшілер немесе қызмет көрсететін адамға хабар беріліп, көмек қолын созады.
Қaзіргі таңда, Түркістан қаласы әкімдігі ғимаратымен қатар бірнеше қала әкімдігіне қарасты дербес бөлім ғимараттары мен жекеменшік мекемелерде шақыру батырмалары бар. Дегенмен, көптеген кәсіпкерлік нысандарда пандустар мен шақырту қоңырауларының жоқтығы рейд барысында белгілі болған. Атап айтқанда, қонақ үйлер, дүкендер, дәмханалар, музей, банк, вокзал және басқа да біршама нысанда пандус немесе шақырту қоңырауы қойылмаған.
Мүмкіндігі шексіз азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында нысан иелеріне "ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" ҚР 2005 жылғы 13 сәуірдегі №39 заңына сәйкес ескерту беру ұсынылды. Бүгін апталық мәжіліс кезінде Рашид Абатұлы инклюзивті қала жасау мақсатында жыл басында қолға алынған шараларды жандандыру бойынша тапсырма берді.