«Түркістан ғажайыптары» өлкетану экспедициясы басталды

0
983

Мақсат – тарихи және киелі орындардың, көне ескерткіштердің бүгінгі жай-күйін зерделеу және оны жұртшылыққа насихаттау.


«Түркістан ғажайыптары» өлкетану экспедициясы басталды

«Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында «Түркістан ғажайыптары» өлкетану экспедициясы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


23 маусымда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Түркістан қаласындағы Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешенде «Түркістан ғажайыптары» өлкетану экспедициясы ашылды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен Түркістан облыстық мәдениет басқармасы бірлесіп өткізетін экспедицияның мақсаты – Түркістан облысындағы тарихи және киелі орындардың, көне ескерткіштердің бүгінгі жай-күйін зерделеу және оны жұртшылыққа насихаттау.


Салтанатты іс-шарада «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Калыйма Жантөреева тарихи ескерткіштерді қорғау – әрбір азаматтың міндеті екенін айтты.


«Түркістан облысы – тарихи ескерткіштер мен орындарға бай өңір. Деректерге сүйенсек, облыста 31 республикалық маңызы бар, 423 жергілікті маңызы бар, 1 халықаралық (ЮНЕСКО) маңызы бар, 1311 алдын ала есепке алынған ескерткіш бар. Монумент саны 800-ден асады. Жалпы 2566 ескерткіш тіркелген. Зерттей түссе, әлі де тың деректер мен тарихи орындар, ескерткіштер табылуы мүмкін. Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында тарихи және киелі орындарды зерттеу, насихаттау, қорғау мәселелері қозғалған. Бүгін партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында қолға алынған бұл экспедиция тарихи орындар мен ескерткіштерді қорғау, көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Топ құрамына өңіріміздің жігерлі, білімді, белсенді өлкетанушылары енгізіліп отыр. Ол азаматтармен бірге партия белсенділері де киелі орындарды аралап, насихаттап, тарихи сананы жаңғыртуға үлес қосады», – деді ол.


Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған тарихи-танымдық жоба арқылы жас ұрпақтың бойына отаншылдықты сіңіріп, Түркістан өңірінің туристік әлеуетін көтеру де көзделген. Бұл бастама «Nur Otan» партиясының Түркістан облысы бойынша «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес жүзеге асырылып отыр.


Экспедиция жетекшісі, Түркістан облыстық мәдениет басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық» директоры Жандос Құрбан экспедицияның маңызы мен бағыттары туралы баяндап берді. Белгілі археолог, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тәжірибелі маманы Марат Тұяқбаев өңірдің шежіре мен тарихи жәдігерге толы екенін айтты.


Өлкетанушылар алғашқы сапарын Сауран ауданы мен Кентау қаласындағы тарихи орындардан бастады. Атап айтсақ, Сауран қалажұрты, Сидақ ата қалажұрты, Қарашық қалажұрты, Жүйнек қалажұрты, Қарнақ қалажұрты, Шәммат ишан мешіт-медіресесін аралап, суретке түсіріп, деректер жинады. 1300 жыл толды деген дерек айтылатын тұт ағашын тамашалады. Одан кейін зерттеуші топ Созақ ауданына барады.


Жалпы экспедиция 23 маусымнан 13 шілдеге дейін жалғасады. Экспедиция 13 аудан мен 3 қаланы аралап, деректер жинайды. Түркістан, Арыс және Кентау қалалары, Сауран, Созақ, Отырар, Шардара, Жетісай, Келес, Ордабасы, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек аудандарындағы 100 шақты тарихи орын суретке түсіріліп, жай-күйі зерттеледі.