Ауылдағы барлық мәселе ақсақалдар ақылымен шешіледі.
Түркістан облысындағы алкогольді ішімдік сатылмайтын ауылда соңғы 5 жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Мақталы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылы елімізге жақсы жағынан танылғанына 5 жылдай уақыт болды. Мұнда бірлігі жарасқан, берекесі бар халық тұрады. Ауылда алкольді ішімдік сатылмайды. Шекаралық аймақта орналасқан бұл ауылда барлық мәселелер ақсақалдар ақылы арқылы өз шешімін тауып келеді.
«Алмалы ауылында 150-ден астам шаңырақ бар, шамамен мыңнан астам адам тұрады. Олардың барлығы мал ұстайды. Сол кездегі ауыл билері марқұм Елеусін мен Асан ақсақалдарымыз бас болып, ішімдіксіз ауыл болу бастамасын қолға алған болатын. Сол жылдан бастап осы уақытқа дейін ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұған халықтың ауызбіршілігі және тиісті қабылдаған шаралар ықпал еткен. Ауылда үш дүкен бар, бірақ олардың ешқайсысында алкоголь сатылмайды. Біздің мақсатымыз – жастарға дұрыс бағытта тәрбие беру», – дейді ауыл әкімі Мейрамбек Қыдырқожаұлы. Ауыл азаматтарының айтуынша, отбасылық кикілжіңдер де азайып, соңғы 2 жылда ажырасу мүлдем тіркелмеген.
«Осындай істерді көптеп насихаттап, өскелең ұрпақтың кемелді болашағына жұмыс істеу біздің азаматтық парызымыз», – дейді Алмалы ауылының қазіргі биі, батагөй Нұржан қария.