​Түркістан қаласын дамытуға тартылатын қаржының 77 пайызы - жеке инвестициялар

0
438

Түркістан қаласы туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спорттың орталығына айналып келеді. Мұнда тұрғындардың, жастардың жан-жақты дамуына толық жағдай жасалып жатыр.


​Түркістан қаласын дамытуға тартылатын қаржының 77 пайызы - жеке инвестициялар

иллюстрациялық фото

Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумақта жүзеге асырылуда. Бірінші аумақ – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақ үй, жеміс бағы, 50 га жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынады. Екінші аумақ – әкімшілік-іскерлік орталығында 57 жобаны салу жоспарланған. Халықаралық теннис орталығы салынды. «Мұз сарайының» құрылысы жүруде. Ат спорты кешені, демалыс орындары және денсаулық сақтау нысандары, инженерлік инфрақұрылымы да салынбақ. Сондай-ақ осы аумақта жалпы 4,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған", – деді Ө.Шөкеев.
Үшінші аумақ – Б.Саттарханов даңғылының бойында да бірқатар жобалар жүзеге асады. Ал төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарға алынған. Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттеджі қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынуда. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн. теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн. теңгесі немесе 77%-ы – жеке инвестициялар. Жаңа кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. теңгеге жеткізілмек.