Бүгінгі күнге жоспар 46 пайызға орындалды.
Түркістан облысында 1,1 млн көшет отырғызу жоспарланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мемлекет басшысының 15 млн көшет егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркістан облысында 1,1 млн көшет отырғызу жоспарланған. Осыған орай, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын. Бүгінде аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 800-ден астам елді мекеннің шамамен 90 пайызын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарланып отыр.
Облыстың елді мекендерін көгалдандыру жоспарына сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында 1 млн 832 мың түп көшет отырғызылды. Оның ішінде, Түркістан қаласына 512 мың түп көшет отырғызуға берілген болатын. Бүгінгі күнге жоспар 46 пайызға орындалды.
Биыл күзгі көшет отырғызу науқаны аудан, қалалардың ауа райына қарай қараша айынан басталады деп күтілуде. Аудан, қалалардың сұраныстарына сәйкес, 516 мың түп көшет отырғызу жоспарлануда. Көгалдандыруға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында өсіріліп жатқан 26 түрлі көшет түрі қолданылмақ. Аталған көшет түрлерінің барлығы облыстың климаттық жағдайына бейімделген.
Сонымен қатар облыс әкімінің елді мекендерге гүлді өсімдіктерді көптеп отырғызу тапсырмасына сәйкес, елді мекендерге биыл 50 мың түп, 2025 жылы 150 мың түп раушан гүлдері мен қылқан жапырақты көшеттер егу жоспарланып отыр.