Қарқаралы ауданына қарасты ауылдардың бірінде отбасы 2018 жылы отбасы типінде балалар үйін ашқан.
Сурет: Zakon.kz
Қарқаралы ауданына қарасты ауылдардың бірінде отбасы 2018 жылы отбасы типінде балалар үйін ашқан. Патронат тәрбиеге балалар үйінен алты жеткіншекті алады. Оларды бірден малға салып, қора‑қопсысын қаратып, қара жұмысқа жеккен. Қит етсе, көкала қойдай етіп сабап, нәр татырмай қояды екен. Прокурор балалардың ботқасына "малдың тезегін қосып берген" деген деректерді жеткізді. Тіпті олар далада, иттің үйшігінде түнеген кезі де болған.
Сарапшылар үнемі таяқ жеп келген балалардың денесінен 19-дан 47-ге дейін тыртық анықтаған. Ең кішісінің тіпті басын жарып тастапты. Жаны әрең қалған оның бас сүйегінің орнында пластина салыныпты.
Ауданның қорғаныш бөлімі қайда қарағаны түсініксіз. Ал алты баланың тәрбиесіне ай сайын төленетін 300 мың теңгені қысылмай алып келген. Қазір үш бала туған әжесінің қарауына берілген. Қалған үшеуі балалар үйіне қайтарылып, құлдықтан құтылды.
"Балаларға күнде қол жұмсап отырған. Түкке тұрмайтын қылығына бола қамшымен сабап, көсеумен оңдырмай ұрып келген. Соның салдарынан балалардың басы, беті, қол-аяғы толған тыртық. Дұрыс тамақтанбағандықтан, қатарластарына сай дамып өспеген. Зор күш талап ететін қора-қопсының қара жұмысынан шалалық көрсе, үнемі жұдырықтап келген".Прокурор Әділ Садықов