1 қазан – Халықаралық қарттар күні.
Мақтаарал ауданының әкімі 50-ге жуық қарияға саяхаттау мүмкіндігін сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов 1 қазан – Халықаралық қарттар күні қарсаңында 50-ге жуық қазыналы қарияға Түркістан шаһарында саяхаттау мүмкіндігін сыйлады.
Қариялар киелі мекендегі саяхатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде зиярат етуден бастады. Ондағы тарихи құнды жәдігерлермен танысқан қадірлі қонақтар, сонда жерленген хандар мен билерге, батыр бабалардың рухына құран бағыштады.
Сондай-ақ, ақжаулықты аналар мен ақсақалдар қаланың ең көрікті жерлерінің бірі Керуен сарай туристік нысанында болды. Олар рухани астананың аз ғана уақыттың ішінде адам танымастай өзгергенін көріп, таңданыстарын жасырмады.
Қонақтар Түркістан қаласына жасаған сапарының соңында «Түркістан Арена» стадионында өткен «Мақтаарал» және «Қыран» футбол клубтарының арасындағы тартысты ойынды тамашалап, мақталы өлкенің командасына жанкүйерлік қолдау көрсетті. Сондай-ақ, 1-1 есебімен тең түскен қос командаға да алдағы ойындарына сәттілік тілеп, ақ батасымен ізетін білдірді.
Айта кетейік, мақтааралдық қариялар облыс орталығына келіп, рухани күш алғанын айтты. Сонымен қатар, сапарды ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді.