ТҮРКІСТАН: Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңсесіне үміткерлерді қабылдау басталды

0
1 005

Өңірлік кеңес - мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы диалог алаңы.


ТҮРКІСТАН: Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңсесіне үміткерлерді қабылдау басталды

Бүгіннен бастап Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелігіне үміткерлерден өтінімдерді қабылдау басталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтсақ, кандидаттыққа өңірде тіркелген кәсіпкерлер мен Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасында аккредиттеуден өткен қауымдастықтардың бірінші жетекшілері сайланады. Бұл туралы Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы директоры Тимур Нақыпбеков мәлімдеді.

«Өңірлік кеңес - мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы диалог алаңы болып есептеледі. Тұрақты кеңес мүшелері бизнестің түйіткілді мәселелерін шешуге қатысып, өңірдегі кәсіпкерліктің дамуына ықпал ете отырып нормативтік-құқықтық актілерді жасауға қатысады. Өңірлік кеңес мүшелігіне өте алатындар: ҚР азаматы, өңірдің әлеуметтік-қоғамдық өміріне белсенді араласушы, кәсіпкерлер арасында және қоғамда беделге ие болғандар, бизнесінің тарихының дұрыс болуы, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлер, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы керек»,- деді палата директоры.

Мекеме басшысының айтуынша, 7-15 шілде аралығында кандидаттарды таныстыру, ары қарай 16-19 шілде аралығында үгіт-насихат жұмыстары басталады, ал дауыс беру онлайн режимде 20-22 шілде аралығында өтеді. Облыстық кеңестің 60%-ы облыс орталығындағы кәсіпкерлік субъектілерінен және Өңірлік палатада аккредиттеуден өткен қауымдастық, өзін-өзі реттеуші ұйымдардан, ал 40%-ы аудандардағы кәсіпкерлік субъектілерінен құралатын болады.

Айта кетерлігі, кез-келген азаматтық ұстанымы бар кәсіпкер саланың дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен кедергілер туралы идеясы болса, өтінішін https://vote.atameken.kz немесе a.ibadullayev@atameken.kzпошталарына жіберуіне болады. Сондай-ақ, Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасының 8 777 918 89 51, 8 775 296 90 59 телефондарына хабарласуға болады.