Атқарылған жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізілуде.
Үш жылдан астам уақыт жабық тұрған Ясауи кесенесі күмбезін қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Үш жылдан бері жабық тұрған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезін жаңарту жұмыстары аяқталды. Күмбездің тарихи келбеті сақталып, желдеткіш қабаттары ретке келтірілген. Қазір күмбез етегіндегі сегіз қырмен қосылған жерінде жасалып жатқан гидрооқшаулау жұмыстары аяқталуға жақындап қалды. Күмбезді қайта қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімі Ө.Шөкеевтің жіті қадағалауымен, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағындағы тарихи орындарда қайта қалпына келтіру жұмыстары, ортағасырлық Күлтөбе қалашығы, Хан ордасы мен мешіті орналасқан магистралды көше бойында археологиялық қазба жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.
Осы орайда Күлтөбе қалашығындағы қазба жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылы 5000-нан аса біздің эрамызға дейінгі 1 ғасырда жасалған ежелгі алтын бұйымдар табылған.
Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің алдында туристер демалатын, қалың бау-бақшалы селфи-аймақ жасақталады. Тарихи нысанның «Тақия қақпасы» маңында қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған жәдігерлер туристердің көз қуанышына айналмақ. Оған қоса, Б.Саттарханов даңғылы аумағында этноауыл салынып жатыр.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде атқарылған жұмыстардың барлығы ЮНЕСКО-мен келісе отырып жүргізілуде. Кесенедегі қайта қалпына келтіру жұмыстарымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова да келіп танысты.