ТҮРКІСТАН: «Қазақтану» жобасы аясында жиын өтті

0
858

Бұл жоба тұтас елді біріктіреді.


ТҮРКІСТАН: «Қазақтану» жобасы аясында жиын өтті

Кентауда «Қазақтану» жобасы аясында облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кентау қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Мазмұнды іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов ашып, жүргізіп отырды.


Жастармен кездесуде сөз алған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов «Қазақтану» жобасының маңыздылығына тоқталып, жастарды отаншыл болуға шақырды.


«Қазақтану» жобасы елімізде мекен ететін этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, өзіндік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Бұған өздеріңіз секілді жас буын да өз үлестерін қосуы тиіс. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін – қонақжайлылығын, көзқарасының кеңдігін үлгі тұтқаны жөн. Этностық қатыстылығына қарамастан барлық адамдарды бауырына тартатын кең пейілін дәріптеп, сенім мен достықты бойына сіңіре білуі тиіс. Бұл – біздің жаңа дәуірдің сын-қатерлерін қарсы алатын жалпыұлттық кодымыз», – деді С. Садықов.


Сондай-ақ, жиында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Есалы Нұржанов Мемлекет басшысының жаңа Жолдауындағы мақсат-міндеттер төңірегінде ой қозғады.


«Президентіміз таяуда халыққа арнаған Жолдауында: «Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз» дей келе, «Жаңа Қазақстанның» іргесін бірге қалауға шақырды. Бұл ретте жастарға артылар сенім мол. Абылай бабамыз өз заманында: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген екен. Білімді жастар ғана бәсекеге қабілетті болады, биік жетістіктерге жете алады. Сондықтан жастар бірлікке, білімге, руханият пен дәстүрге сергек көзқараспен қарауы керек», – деді ардагер.


Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасты. Жиынды қорытындылаған «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасары Ерназар Баетов «Қазақтану» жобасы рухани жаңғырудың жарқын үлгісі екенін атап өте келе, бұл бағытта күш біріктіріп бірлесе жұмыс істеуіміз керек деген пікірін жеткізді.