Брусчатка, пенопласт, сұйық травертин, эмульсия, термопанель, архитектуралық декорлар дайындаумен айналысады.
Қазығұрттық кәсіпкер шағын цехта құрылыс материалдарын өндіріп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазығұрт ауданының кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен қолдауларды ұтымды пайдаланып жүрген қазығұрттық кәсіпкерлер түрлі бағытта өнімдер шығаруда. Соның бірі — Тұрбат ауыл округінде орналасқан «Баходир Safir Paint» кәсіпорны.
Жеке кәсіпкер заманға сай құрылысқа қажетті материалдар шығаруды қолға алған. Атап айтқанда, брусчатка, пенопласт, сұйық травертин, эмульсия, термопанель, архитектуралық декорлар дайындаумен айналысады. Аталған өндіріс орнында 45 адам тұрақты, 20 адам жалдамалы тәртіппен жұмыс істейді. Онда жылына 100 мың шаршы метр – брусчатка, 25 келілік 10 мың шелек – травертин, 20 келілік 5 мың шелек – эмульсия бояуы, 20 мың шаршы метр – архитектуралық декор, 25 мың текше метр – пенопласт, 40 мың шаршы метр – термопанель-полифасад өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы іс-сапармен барып, жұмысымен танысты. Өндіріс орнын аралап, өнім түрлерін көріп, оң бағасын берді. Кәсіпорын иесімен кездесіп, жұмыс барысын талқылады. Кәсіпкер өз кезегінде өндіріс орнын кеңейтуді көздеп отырғанын айтып, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.