Облыстың зиялы қауым өкілдері мен жазушының замандастары қатысты.
Түркістанда «Кедей қызы» кітабының таныстырылымы болып өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында жас жазушы, былтыр ғана «Жылдың үздік жазушысы» аталымының иегері атанған Абылай Есімбайдың «Кедей қызы» атты кітабының таныстырылымы болып өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев және облыстың зиялы қауым өкілдері мен жазушының замандастары қатысты.
Шараны Қазақстан журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай жүргізіп, кітаптың мазмұны мен қамтылған тақырыбы бойынша өз ойын ортаға салды.
«Қазіргі таңда жастар арасынан жас прозашылардың шығуы, олардың осындай кең көлемді тақырыптарда шығарма жазуы қуантарлық жағдай. Жас әдебиетшілерге көрсетілген қолдау тоқтамауы керек. Біз өз кезегімізде облыстағы жас ақын-жазушылар мен журналистерді қолдау, олардың шығармашылығына серпін беру мақсатында «Түркістан қарлығаштары» атты шығармашылық байқауын жарияладық. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған доданы Қоғамдық даму басқармасы, Қазақстан журналистер одағы мен жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалдары бірлесе өткізуде. Өңірдегі қолына қалам ұстаған жастарды байқауда бақ сынауға шақырамын. Бұл байқау – өңірдегі Абылай сынды жас қаламгерлердің танылуына жол ашады деп сенемін», - деген қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов Абылайдың ақпарат саласында да жемісті еңбек етіп жүргендігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, «Түркістан қарлығаштары» шығармашылық байқауына шығармаларды ағымдағы жылдың 15 наурызына дейін жолдауға болады. Шығармалары үздіктер қатарынан табылған авторларға қомақты жүлде қоры қарастырылған. Байқау жайлы толық ақпарат Қоғамдық даму басқармасының ресми парақшасында жарияланған.