ТҮРКІСТАН: Келесте 157 шақырым канал тазаланады

0
777

Диқандар үшін бұл істің пайдасы мол.


ТҮРКІСТАН: Келесте 157 шақырым канал тазаланады

Келес ауданында каналдар механикалық тазалаудан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және шаруаларды ағын сумен қамту бағытында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеген. Соның ішінде, облыс басшысы «Тұран су» мекемесі мен аудан, қала әкімдіктеріне шаруааралық каналдарды механикалық тазалау жұмыстарына қажетті техникаларды жұмылдырып, маңызды істі бірлесе атқаруды жіті тапсырған еді. Осыған орай, Келес ауданында су арналарын тазалау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.


«Облыс басшысының бастамасы, аудан әкімінің нақты тапсырмасымен Келес ауданындағы ағын су жүйелеріне зерделеу жүргізе келе механикалық тазалауды қажет ететін аумақты тазалау жұмыстары басталды. «ҚазСуШар» РМК мекемесі өз теңгеріміндегі В-15, В-24 және Аққойлы каналдарының 12 шақырымын тазалауды бастап кетті. Жоспарлы жұмыстар жалғасатын болады», - дейді аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев.


Жалпы, Келес ауданында коммуналдық меншіктегі ұзындығы 157 шақырымды құрайтын каналдар механикалық тазалаудан өткізіледі. Бұл жұмыстар су беру маусымында өз тиімділігін көрсетіп, егістікке баратын ағын су шығынын азайтуға мол септігін тигізбек.


Айта кетейік, бүгінде Келес ауданы бойынша жалпы 148 канал, 144 қашыртқы бар. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды.