Сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші 66,3 пайызды құрап отыр.
Келес ауданында сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданында сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңға дейін өңірдің 55 елді мекені сапалы электр қуатымен қамтылып, пайыздық көрсеткіш 66,3-ті құрап отыр. Биыл жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде тағы 5 елді мекен жаңа электр желілерімен қамтылмақ. Оларға Ошақты ауылдық округінің Ошақты елді мекені, Ақтөбе ауылдық округінің Жуантөбе, М.Горкий, Ескіқорған және Бозсу елді мекендері кіреді. Алдағы жоспарға сәйкес тағы 17 елді мекенді сапалы электр қуатымен қамту жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалған.
Бүгінде Келес ауданында облысымыздың 5 ауданын сапалы электр қуатымен қамтитын ірі жоба іске асуда. Ол – Бірлік ауылдық округінің аумағынан құрылысы жүріп жатқан 220/110/10 кв «Қызыласкер» қосалқы подстанциясы. Аталған қосалқы подстанциядан Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Келес және Сарыағаш аудандары сапалы электр қуатын алатын болады.
Сонымен қатар, былтыр «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 50,7 шақырым электр желілерімен 15 бірлік трансформатор орнатылған. Ал, биыл 51,4 шақырым электр желілерімен 14 трансформатор орнату жұмыстары жүріп жатыр.