ТҮРКІСТАН: Келестік оқушы тұрмыстық қалдықтан нысандардың макетін жасайды

0
930

Ұстазы бала сәулетшіні дара сәулетші болуға баптап жүрген көрінеді.


ТҮРКІСТАН: Келестік оқушы тұрмыстық қалдықтан нысандардың макетін жасайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021-2025 жылдарға әзірленген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының негізі 4 бағытты қамтитыны БАҚ беттерінде жиі айтылып жүр.

«Таза Қазақстан», «Үнемді Қазақстан», «Табиғат» және «Экология болашағы» бағыттары бойынша бүгінде елімізде атқарылып жатқан шаруа көп. Әрине, әрібірінің маңыздылығы да ерекше.

Соның ішінде «Экология болашағының» біздің еліміздің кемел болашағымен астасар тұсы да көп десек артық емес. Себебі, бүгінгі біздің берген тәліміміз бен тәрбиеміз ертең ел тізгінін ұстайтын, біз қалдырған мұраны жалғастыратын, табиғатты аялап, қажетінсе сақтайтын бүгінгі жас ұрпақ екені белгілі. Ендеше, бұл ұлттық жобада бүгінгі білім саласы да қалыс қалмақ емес.

Әсіресе, ұлттық жобаның «Экологоия болашағы» бағытында айтылғандай, білім беру жүйесіне экологиялық аспектілерді интеграциялау мен Қазақстанда экобағдарланған ақпараттық кеңістікті қалыптастыру міндеттері тұр. Бұл ретте бүгінгі оқушылардың экология саласында да білімін арттыруы аса маңыздылығын көрсетіп тұрғаны айқын.

Қазақстан Республикасының даму стратегиясында көрсетілгендей, өскелең ұрпаққа экологиялық білім беру де бүгіннің міндеті болып отыр. Әлбетте, бұл турасында жетістіктер де жоқ емес.

Бүгінде экология бағытын таңдап, айнала қоршаған ортаға өз пайдамды тигізсем, келешекте еліміздің табиғатын сақтап, хадыққа қолайлы орта құрсам деген арманның қанатында ғылыми жобалар жасап, үлкен ізденіс үстінде жүрген балалар да көп. Тіпті, заман талабына сай қайта өңдеу немесе тұрмыстық қалдықтарын пайдаға жарату тақырыбында ізденіп, керемет нәтижелерге қол жеткізіп жүрген білімді оқушыларымыз да баршылық.

Сондай талапты жастың бірі деп Түркістан облысы, Келес ауданының №10 «Игілік» жалпы орта мектебінің 8-сыныбында білім алып жүрген Қалдар Мейрамбек есімді оқушыны айтсақ болады. Бала күнінен архитектуралық нысандар жасауды сүйікті ісіне айналдырған ол қазір сондай макеттерді тұрмыстық қалдықтардан құрастыруды қолға алған. Қажетсіз, пайдаланылған соң қоқысқа кететін түрлі қалдықтарды, яғни, қаптама қораптар, пластиктер мен басқа да заттарды жинап, қиялына ерік бере отырып құрылыс нысандарының кішкентай көшірмесін жасап шығады.

Жас талаптың арманы да жоқ емес. Келешекте экологиялық жобаларға атсалысып, бүгінгі жасаған кішкентай дүниелерін ел пайдаланатын үлкен нысандарға айналдырсам дейді. Елден ерек тың бағыт – қалдықтарды қайта пайдаға жаратуды жетекші мұғалімі Нұрлыбек Лесбаев та түсіндіріп, бала сәулетшіні дара сәулетші болуға баптап жүрген көрінеді.

Ұстазы Мейрамбектің болашақта білікті маман, ел болашағына елеулі жаңалық әкелетін азамат боларына сенеді.

Ал тұрмыстық қалдықтарды қазірден қажетіне жарата білген жас талаптың ертеңгі күні елдің экологиясына да, экономикасына да пайдасын тигізер маман боп шығарына мектеп ұжымының да, ауыл тұрғындарының да сенімі мол.

ERNUR.KZ.