Майдангер 98 жасты алқымдаған.
Кентау қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Бадан Төребаевқа жаңа пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кентау қаласында Конститутция мерекесіне орай, облыс әкімінің тапсырмасымен Ұлы Отан соғысының ардагері, Бадан Төребаевқа жаңа пәтердің кілтін табыстау шарасы өтті.
Игі шарға қала әкімі Жандос Тасов қолдау білдіріп, арнайы құттықтап барды. 98 жасты алқымдаған майдангерге жылы лебізін білдіріп, отаны үшін тайсалмайтын жастардың көп болуы керектігін алға тартты.
"Елімізге бейбітшілік пен тыныштық сыйлаған ардагердің ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Ардагерге құрмет көрсету, өскелең ұрпаққа міндет. Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің тұғыры болған Қазақстан Республикасының Конститутция күнімен шын жүректен құттықтаймын",- деді қала басшысы.
Сонымен қатар қарт майдангер, жас ұрпақтың бейбіт өмірде бақытты ғұмыр кешуін тілеп, Қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі жасай берсен деп ақ батасын берді.
Ардагер, Бадан Төребаев 1924 жылы дүниеге келген. 1944 жылы 15 қазанда шақырту алып, әскерге аттанады. 4 ай әскери дайындықтан өткен соң, Беларусиядан бастап Берлинге дейін қан майданында шайқасқан.
Майдангер ауыр шайқаста көзге түсіп, «Ерлігі үшін» медальімен марапатталған. Сондай-ақ І-ші дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен, 2 рет «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Елге 1950 жылы қарашада оралып, еңбекке араласты. Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, сол қызметі зейнетке жеткізді. Отбасында 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. 16 немересі, 35 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған бақытты ардагер.