ТҮРКІСТАН: Кентаудағы ЖЭО қазандықтарын жаңарту барысы пысықталды

0
658

Олқылықтарды ашық айтып, түзетуді тапсырды.


ТҮРКІСТАН: Кентаудағы ЖЭО қазандықтарын жаңарту барысы пысықталды

Кентаудағы жылу энерго орталығының қазандықтарын жаңарту барысы пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентаудағы Жылу энерго орталығына барып, құрылыс барысын қадағалады. Құрылыс басында мердігерлердің есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді. Одан кейін Жылу энерго орталығында жиналыс өткізіліп, атқарылған жұмыстар мен кемшіліктер, алдағы жоспарлар талқыланды. Жиынға Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және өзге де жауапты департаменттер мен басқарма басшылары қатысты.


Облыс әкімі жауапты мердігерге жұмысты ширату, кестеге сай жүргізу жөнінде тапсырма берді. Олқылықтарды ашық айтып, түзетуді тапсырды. Жылу мәселесі аса өзекті екеніне тоқталып, жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді.


«Біз тұрақты түрде жиналып, Кентаудағы Жылу энерго орталығын жөндеу барысын қадағалап отырмыз. Келісімшарт бар, онда бәрі көрсетілген. Сіздер сол келісімге сай жұмыс жүргізіп, міндеттеріңізді уақтылы және сапалы орындауларыңыз керек. Қаржыландырудан мәселе бар ма? Жоқ. Тапсырыс беруші, әкімшілік, құқық қорғау, тексеруші органдардан да еш кедергі жоқ. Бәрі өз қолдарыңызда. Жұмысты ширатыңыздар. Білікті мамандар мен жұмысшыларды көбейтіп, қазандықтардың құрылысын өз мерзімінде аяқтаңыздар», – деді Дархан Сатыбалды.


Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен жауапты мердігер компания басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.


Кентаудағы Жылу энерго орталығында жыл басынан бері "ЭМ-холдинг" ЖШС "Қазандықтарды реконструкциялау" жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Бекітілген кестеге сәйкес №8, №11 қазандықтар бойынша жұмыстардың аяқталуы биылғы 30 тамызға, №9, №10 қазандықтар қыркүйектің екінші онкүндігіне, ал №7, №12 қазандықтардың құрылысын аяқтау 30 қарашаға жоспарланған. Сондай-ақ №5 және №6 қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.


Қазандықтарда жылу-механикалық бөлік бойынша №8, №11 қазандықтарда жұмыс 95 пайызға аяқталды. Кейбір ескертулерді жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.


Өзге де қазандықтардағы жұмыстар мен кемшіліктер сараланып, мердігер мен жауапты басшыларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді. Осыған байланысты, өндірістік жұмыс кестесінің мерзімдерін сақтау үшін жұмысшылар санын көбейту және қосымша бригаданы жұмылдыру жөнінде міндеттер жүктелді.


Тапсырыс беруші тарапынан бақылау және уақтылы ден қою мақсатында штаб құрылған. Штабтың кеңесінде жұмыс кестесінен артта қалу, сапа бойынша ескертулер анықталады және тәуекелдер туралы алдын ала ескертіледі. Тапсырыс беруші тарапынан жабдықтар мен материалдарды жеткізу жөніндегі мердігерлік ұйым шарттарының орындалуына бақылау жүргізілуде. Қарағанды және Теміртау қалаларындағы жабдықтарды дайындаушы зауыттардың жұмыс барысымен танысу үшін Кентау қаласындағы ТКШ бөлімінің басшысы және ЖЭО-5 директоры іссапарға жіберілді. Ресей Федерациясының өндіруші зауыттарымен де жабдықты өндіру және жеткізу мерзімдері бойынша тиісті келіссөздер тұрақты жүргізіліп жатыр.