ТҮРКІСТАН: Кентаудағы жылу орталығы тұрақты жұмыс істеп тұр

0
312

Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.


ТҮРКІСТАН: Кентаудағы жылу орталығы тұрақты жұмыс істеп тұр

Кентаудағы № 5 жылу электр орталығы қалыпты жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Кентау қаласындағы № 5 жылу электр орталығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Жылу температурасы +57-ні көрсетсе, кері қайтару температурасы +41. Барлық электр-жылу желілері қалпына келтірілді. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Мектептер мен балабақшалардың резервтік қазандықтары қосылған.


Күннің күрт сууынан және жылу құбырларындағы темпуратураның төмендеуінен қала ішіндегі жылу құбырларында ақау пайда болып, тұрғындарды әбігерге салған болатын. Арнайы бригаданың шұғыл әрекет етуінен жарылған құбырлар қалыпқа келтірілді. Қазіргі таңда қала тұрғындарын толықтай жылумен қамту мақсатында жұмыс штаттық режимде жүруде.


Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жылу электр орталығында болып, ондағы жұмыстарды бақылады. Білім ошақтарын аралап, жылуды тексерді. Сонымен қатар Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовпен бірге тұрғындармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


"Кентаудағы жағдай облыс әкімінің Дархан Амангелдіұлының жіті бақылауында. Қатты желден 100-ге жуық адамнан құралған арнайы бригаданың шұғыл әрекет етуінен жарылған құбырлар қалыпқа келтірілді. Қайта-қайта қосылғаннан қазандықтағы жылыту құбырлары жұмыстан шықты. Қазір жөндеу жүргізіліп жатыр. Ертең іске қосылады. Кентау жылу орталығында жаңадан екі қазандық салынып жатыр. Алдағы қаңтар айында іске қосылады. Тағы екі қазандықты жөндеу жоспарланған. Сол кезде жылу орталығының барлық қазандығы толық жаңартылады", – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.


Жылу орталығында соңғы рет күрделі жөндеу осыдан 10 жыл бұрын жасалған. Биыл демеушілер есебінен 4 қазандық жөндеуден өтті. Сондай-ақ 4,7 шақырымды құрайтын жылу магистралі ауысты. Әлі екі қазандық толық жаңартылады.


Айта кетейік, желтоқсанның 13-нен бастап дауылды жел соғып, қалада жарық өшкен. Салдарынан 4 қазандық сөніп, жылу желісінің температурасы 60-тан 27 градусқа дейін төмендеді. Одан кейiн кей жерлерде екпiнi 40 м/с және одан да жоғары болатын қатты желден жылу жүйесі 6 рет тоқтап қалды.


«Кентау сервис» МКК-сі № 5 ЖЭО кәсіпорны 1934 жылы құрылған. Қондырғылар 1952 жылы орнатылған. Жылу құбырларының ұзындығы 169 шақырымды құрайды. Кентау қаласында №5 ЖЭО-ғы 14 000 астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 350-ге жуық көпқабатты үй, 100-ден аса бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2 мыңнан аса жеке сектордағы үй бар.