2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 2 қазандықты жыл соңына дейін қайта құру және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған.
Дархан Сатыбалды Кентаудағы жылу орталығын жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Cатыбалды Кентау қаласындағы №5 Жылу энергия орталығында болып, жай-күйін бағдарлады. Мердігерлермен, орталық басшысымен пікір алмасты. Ұсыныстарын тыңдады. Жауапты басқарма мен қала әкіміне жылыту маусымына дайындықты пысықтауды тапсырды.
«Жылу энергия орталығының мәселесі облыстық, үкіметтік деңгейде көтеріліп, биыл тиісті қолдау көрсетіліп жатыр. Құрылысқа кедергі келтіретін мәселелер болса, тыңдауға дайынбыз. Күрделі жөндеу, қазандықтарын ауыстыру жұмыстары өте сапалы атқарылуы тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Бүгінде Кентаудағы жылу орталығында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерін және 4 кері сорғы станциясын қайта құру жұмыстарын атқару бойынша мердігер мекеме «Ер-Мад» ЖШС-мен келісімшарт түзіліп, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы 4,7 шақырым жылу жүйесін және 2 сорғы станциясын қайта құру жоспарлануда. №5 ЖЭО-ның қазандықтарын, жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары басталады. Биыл 2 қазандықты жылыту маусымына дейін қайта құру, 2 қазандықты жыл соңына дейін қайта құру және 4 қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған.
Сонымен қатар, келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытыңдысы алынды. Жалпы, биыл Кентауда жылыту маусымына дайындық ерекше әрі сапалы жүргізілмек.