ТҮРКІСТАН: Кентаулық екі азамат өз ауласында есірткі өсірген

0
1 185

Кентауда ұйымдастырылған «Көкнәр» жедел алдын алу шарасы аясында екі азамат құрықталған.


ТҮРКІСТАН: Кентаулық екі азамат өз ауласында есірткі өсірген

Түркістан облысында есірткі еккен екі азамат құрықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жыл басынан бері облыс полицейлері есірткі еккендерге қарсы іс-қимыл шараларын күшейтіп, облысқа қарасты барлық қала, аудандарда рейдтік шараларды жүргізіп, есірткімен айналысқан, оны сатқан және тасымалдаған құқық бұзушыларға қатысты жедел алдын алу шараларын іске асыруда. Мәселен, шілде айында Кентау қалалық полиция бөліміне Түркістан облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен тұрғын үйдің ауласында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген ер азаматты ұстады.

Тергеу барысында белгілі болғандай күдікті өзі қолдану үшін «сора» өсімдігін ауласында баптап, өсірген. Жедел құрылған полицейлер тобы күдіктінің ауласынан айғақты зат ретінде биіктігі 1,5 метрден асатын 8 түп сора өсімдігін тәркіледі.

Көп ұзамай дәл осы қалаға қарасты ауылдардың бірінен тағы бір азаматтың ауласын тінту арқылы полицейлер 14 түп есірткі тектес көкнәр өсімдігін тәркіледі. Кентау ҚПБ қызметкерлерінің «Көкнәр» жедел алдын алу шарасы кезінде өз ауласында орналасқан бау-бақшасының ортасына есірткі тектес өсімдік затын еккен азамат құрықталды. Ұсталған азаматтың жасы 40-қа жақындаған жергілікті тұрғын болып шықты. Аталған екі есірткі жайтына қатысы бар азаматтардың істері бүгінгі таңда нақты шешім шығарылу үшін сотқа жолданды.

Қылмыс жасап, заң бұзған адамның жазаланатынын біле тұра кейбіреулеріміз заңсыздыққа жол беріп жатамыз. Заң баршаға ортақ, сондықтан жас та кәрі де оны сақтап, құрметтей білуі тиіс. Сол секілді есірткіні пайдалану да заң бұзушылыққа жатады. Есірткінің қоғам дерті екендігін естен шығармай, оны өсіріп, қолданып, тасымалдағандармен күресуді күшейтуіміз қажет. Оның тамырына балта шабу үшін жұмыла күрескеніміз абзал. Сондықтан сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз бірден полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.