Ахмет Ясауи университеті еліміздегі жеке клиникасы бар классикалық бағыттағы жалғыз жоғары оқу орны.
Ахмет Ясауи университетінің Клиника-диагностикалық орталығы мен Түркістан қалалық балалар ауруханасының мамандары қуық экстрофиясына жалпы коррекциялық емдеу отасын жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласында орналасқан Ахмет Ясауи университетінің Клиника-диагностикалық орталығы мен Түркістан қалалық балалар ауруханасының мамандары бірлесе отырып, Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған жаңа туған қыз баланың қуық экстрофиясына жалпы коррекциялық емдеу отасын жасады.
Ахмет Ясауи университеті еліміздегі жеке клиникасы бар классикалық бағыттағы жалғыз жоғары оқу орны.
Мұнда студенттердің 35 пайызы Медицина және Стомотология факультеттерінде оқып, университеттің Клиника-диагностикалық орталығында практикалық білімін шыңдайды.
Ал елімізде алғаш рет жасалған операцияға университеттің «Ана жұрттан ата жұртқа – денсаулық көпірі» жобасы аясында Түркиядан арнайы келген дәрігер, Бурса Улудаг университеті Медицина факультетінің профессоры, балалар урологы Низамитдин Кылыч жетекшілік етті. Маманға университеттің профессоры Юнус Сөйлет, білікті балалар дәрігері Вахид Таиров те көмектесті.
Дәрігерлер бір апта көлемінде күрделі операциялар жасады. Атап айтар болсақ, жаңа туған қыз баланың қуық экстрофиясы жалпы түзету әдісімен емделді. Бұған қоса, науқастың ажыраған жамбас сүйектері біріктірілді. Сондай-ақ, бұрын сәтсіз ота жасалған басқа науқастың несеп-жыныс құрылымы қалпына келтірілді. Бұған дейін 6 рет операция жасалынған, гипоспадиямен ауыратын тағы бір науқастың да отасы сәтті аяқталды.
Айта кетейік, әрбірі шамамен 5-6 сағатты құрайтын бұл операциялар –балалар урологиясы саласындағы ең қиын оталар қатарында.
Түркиялық дәрігер Низамитдин Кылыч тек ота жасап қана қоймай, науқастарға кеңес беріп, оқу орнының Медицина факультеті студенттеріне «Балалар урологиясындағы науқастарға көзқарас» тақырыбында теориялық тренингтер өткізді.
Ахмет Ясауи университетінің «Ана жұрттан ата жұртқа - денсаулық көпірі» жобасы Қазақстан мен Түркия Республикалары және тұтас Түркі Дүниесі деңгейінде денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздейді. Жоба аясында бауырлас елдердің медицина мамандары біліктілік арттырып, өзара тәжірибе алмасады. Түркия Республикасының денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибесін еліміз медицинасын дамыту бағытында пайдалану мүмкіндігі артады.