І орынды Түркістан қаласының балуандары қанжығаларына байлап, жарыстың жеңімпазы атанды.
Түркістан облысында белбеу күресінен ашық біріншілік өтті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қазақтың қанына сіңіп, делебесін қоздыратын, сонау ықылым заманнан бері салт-дәстүрімен біте қайнасқан спортының бірі – күрес. Ертеректе кез-келген той-томалақ пен діни мереке, ас жауырыны жерге тимеген балуандардың өнерінсіз өтпеген. Міне, сол бір дәстүр күні бүгінге дейін жалғасын тауып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіліп келеді.
Жуырда ғана ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде спорттың белбеу күрес түрінен Түркістан облысының ашық чемпионаты болып өтті. 2001 – 2003 жылы туылған жастар арасында 2 күнге созылған байрақты бәсекеде Түркістан қаласы мен Созақ, Түлкібас, Ордабасы, Отырар, Қазығұрт, Шардара, Келес, Мақтаарал, Жетісай аудандарымен қатар №1 Ұлттық спорт мектебінен 70-ке тарта ұл-қыздар қатысты.
Шараның ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысы белбеу күресі федерациясының Президенті Қуат Байқожаев, Асықата кентінің әкімі Бақыт Серіков пен Жетісай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, еркіндік жолындағы ерліктер, Қазақстан спортының кешегісі мен бүгіні, болашағы жайында сөз өрбітті. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Басты мақсаты – жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, бұқаралық спортты дамыту, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, қастерлі Тәуелсіздік ұғымын дәріптеу болып табылатын чемпионатта қатысушылар өздерінің жеңіске деген жігерлері мен жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Боз кілемде атой салып, жанкүйерлердің қолдауы мен құрметіне бөленді.
Облыс чемпионатының қорытындысы бойынша III орынға Созақ пен Мақтаарал аудандарының спортшылары қол жеткізсе, №1 Ұлттық спорт мектебінің командасы ІІ орынға табан тіреді. Ал, жүлделі І орынды Түркістан қаласының балуандары қанжығаларына байлап, жарыстың жеңімпазы атанды. Жарыс соңында жеңімпаз атанған командалар мен жекелеген спортшылар ұйымдастырушылардың арнайы дипломдарымен, медальдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарына ие болды.