ТҮРКІСТАН: Көкпарда қару қолданғандар құрықталды

0
2 616

Олар қамауға алынды.


ТҮРКІСТАН: Көкпарда қару қолданғандар құрықталды

Түркістан облысының полицейлері қару қолданып, бұзақылық жасаған күдіктілерді ұстады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазығұрт ауданының полицейлері бос жайылымдардың бірінде болған кезекті көкпар ойынын тоқтату кезінде белгісіз тұлғалар қару қолдану арқылы бұзақылық жасаған. Аталған жайтты Қазығұрт АПБ-ның полицейлері ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі "бұзақылық" бойынша СДТБТ-ға тіркеп, жедел-іздестіру іс-шараларына кіріскен.

Жедел жүргізілген арнайы операция нәтижесінде Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы ҰҚКД және ҚР Ұлттық ұланының "Бүркіт" арнайы жасағымен бірлесіп, Қазығұрт кенті көшелерінің бірінде "ВАЗ" маркалы автокөлікті тоқтатып, 4 күдіктіні ұстады. Ұсталған Қазығұрт ауданының 4 жас тұрғыны полиция бөліміне жеткізіледі.

Күдіктілерді тінту кезінде полицейлер сөмкені тауып алып, одан заттай дәлел ретінде 16 калибрлі шолақ мылтық пен оқ-дәрілерді тәркілеген. Жедел уәкілдер күдіктілердің үйін одан әрі тінту кезінде қосымша 16 калибрлі аңшылық мылтық пен екі травматикалық тапанша тапқан.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бап "Бұзақылық" және 287-бап "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жастар қамауға алынды. Полиция қызметкерлері күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеріп, қарудың қайдан алынғанын анықтауда.