Телефонды 3000 теңгеге сатып жіберген.
Түркістан облысында көлігінде ұйықтап жатқан тұрғынның ұялы телефонын ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, таңғы уақытта көпқабатты тұрғын үйдің ауласында көлігінің есік-терезесін ашып, ұйықтап жатқанында белгісіз біреу жанында тұрған «Самсунг» маркалы ұялы телефонын жымқырып кеткенін айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 200 000 теңгені құрап, аталған іс полиция бөліміне ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.
Кәсіби шеберлігі мол, қырағы кентаулық тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы бірден оқиға орнына жетіп, іздестіру шараларын жүргізген. 4 бірдей көпқабатты тұрғын үй орналасқан ауладағы барлық тұрғындардан, көрген-білгендерден жауап алады. Осы аймақта бейнебақылау камераларының болмауы полицейлердің жұмысын біраз қиындатқан екен. Дегенмен шұғыл-іздестіру іс-шарасы оң нәтиже беріп, полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, оны Кентау ҚПБ-ның тергеу бөліміне жеткізеді. Күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Бас шарасы міндеттемеде.
Белгілі болғандай, оңай жолмен ақша таппақ болған күдікті жәбірленушіге білдіртпестен көліктегі ұялы телефонды алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан ұрланған ұялы телефонды өзімдікі деп, көршісіне 3000 теңгеге сатып жіберген. Қазіргі таңда ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап, тергеу амалдарын жүргізуде.