ТҮРКІСТАН: Құқық қорғау саласының қызметкерлері марапатталды

0
569

Түркістан облысы әкімінің алғыс хаты мен Құрмет грамоталары тапсырылды.


ТҮРКІСТАН: Құқық қорғау саласының қызметкерлері марапатталды

Құқық қорғау саласының өкілдеріне түрлі деңгейдегі марапаттар тапсырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай кезекті мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, құқық қорғау өкілдеріне түрлі деңгейдегі марапаттарды тапсырды.


«Тәуелсіздік – басымызға бұйырған беделді бақ, абыройлы міндет. Біз, баршамыз осы тарихи кезеңде Түркі жұртының рухани орталығын қайта түлету жұмыстарының бел ортасында жүрген бақытты азаматтармыз. Тәуелсіз мемлекеттің тірегі және қорғаны болып жүрген азаматтардың еңбегі ерен. Бүгінгі таңда облыс бойынша осы салада 4 мыңнан астам азамат қызмет атқарып жатыр. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау міндеттелген бұл сала қызметкерлері облыстың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді», - деген Арман Шәріпбайұлы құқық қорғау саласының үздіктеріне құрмет көрсетті.


Сонымен бірге мерекеде Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек те Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екеніне тоқталып, тәртіп сақшыларын марапаттады.


Жиында прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, полиция және құқық қорғау саласының өзге де қызмет өкілдеріне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», Түркістан облысы әкімінің алғыс хаты мен Құрмет грамоталары тапсырылды.


Салтанатты кеште Түркістан облысының танымал өнер жұлдыздары мен мәдениет саласының өкілдері өнер көрсетіп, патриоттық әндер шырқалды. Тәуелсіз Қазақстан мен жаңарған Түркістанның жетістіктері сөз болып, рухты оятатын концерттік бағдарлама ұсынылды.