ТҮРКІСТАН: Қызмет көрсету ұйымдарының желісі кеңейеді

0
867

5 аудан, қалада арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын салу көзделіп отыр.


ТҮРКІСТАН: Қызмет көрсету ұйымдарының желісі кеңейеді

Көксәйек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына жаңа басшы тағайындалды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Төлеби ауданындағы №3 Көксайек арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына мониторинг жұмыстары жүргізілді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті, еңбек инспекциясы, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілдерінен құрылған арнайы жұмысшы топ зерделеу барысында бірқатар кемшіліктерді анықтап, оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдады.

Айта кетейік, бұл шаруалар осыдан 3 ай бұрын әлеуметтік желілерде аталған мекемеде көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты қоғам белсенділері тарапынан жарияланған сыни материалдар негізінде атқарылды.

Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде аталған орталықтың материалдық-техникалық базасына толық түгендеу жұмыстары жүргізілді. Қызмет алушыларға сапалы қызмет көрсету, ғимарат пен жабдықтарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, интернет байланысын жетілдіру, бейнебақылау жүйесін жаңарту үшін ағымдағы жылдың бюджетінде қаржы қарастырылды.

Сондай-ақ, орталық жанынан қоғамдық бақылау кеңесі құрылып, мекеме қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және көрсетілетін қызметті алушылардың заңды құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстарда белсенділік танытты. Сыни материалда көрсетілген фактілер бойынша орталықтың қаржылық қызметіне, мемлекеттік сатып алуларына жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы құзырлы органдарға Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне және облыс әкімінің аппаратына хат жолданды. Алдағы күндері осыған байланысты тиісті тексеру жұмыстары жүргізілмек.

Одан бөлек, Ведомствоаралық кеңесте берілген хаттамалық тапсырмалар мен ұсынымдарға сәйкес орталық директоры лауазымына Н.Дарибаева 3 ай сынақ мерзімімен тағайындалды. Нүргүлсім Ратбекқызы 1993 жылдан бастап әлеуметтік салада медбике, аға медбике, директор орынбасары, директор. лауазымына дейін еңбектенген, мамандығы медицина, педагогика. Соңғы жылдары №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директор қызметін атқарған.

Сонымен қатар, Еңбек министрлігінің тапсымасына сәйкес облыстағы «қадамдық қолжетімділік» шеңберіндегі қызметтерді әлеуетті алушыларға барынша жақындата отырып, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар желісін кеңейту бойынша шаралар қабылдануда. Осыған байланысты аймақтың 5 аудан, қаласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарын салу көзделіп отыр.