ТҮРКІСТАН: Мақта кластеріне инвестиция тартуға күш салынады

0
633

Облыс басшысы шаруалардың уәжін жеткізіп, мақта бағасын шұғыл түрде белгілеу керектігін айтты.


ТҮРКІСТАН: Мақта кластеріне инвестиция тартуға күш салынады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мақта зауыттарының басшыларымен және диқандармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында туындаған мақта бағасына қатысты мәселені шешу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мақта зауыттарының басшыларымен және диқандармен кездесті. Басқосуға өңірдегі микроқаржы ұйымдарының басшылары да қатысты. Облыс басшысы шаруалардың уәжін жеткізіп, мақта бағасын шұғыл түрде белгілеу керектігін айтты.


Басқосуда қазіргі таңдағы өзекті мәселе – мақтаның нақты бағасын белгілеу, агроқұрылымдарға техникалық дақылдың тек шикізат күйінде экспортталуына байланысты бағасының шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді екендігі, мәселені тиімді шешу үшін және шетелдік трейдерлік компаниялардан тәуелсіз жұмыс істеу мақсатында өңірде мақта кластерін дамытуды қолға алу қажет екендігі кеңінен талқыланды.


Облыс әкімінің тапсырмасымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен Жетісайда алқалы жиын өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары Жарқынбек Қанаев, Нұралы Әбішов пен Тимур Қырықбаев, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек пен Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, өңірдегі барлық мақта зауыттарының басшылары мен микроқаржы ұйымдарының басшылары, қос ауданның мақта өсірумен айналысатын диқандары қатысты.


Мақта шаруашылығымен айналысатын аудандарда диқандар шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді екендігі жасырын емес. Бұл мәселе жылда қайталануда. Басқосудың мақсаты - осы саладағы барлық проблеманы талқылап, қорытынды жасап мақтаның нақты бағасын белгілеу.


Шитті мақтаның зауыттарға өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді болғандықтан халықаралық Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Бүгінгі күнге халықаралық Ливерпуль биржасында орта талшықты мақта бағасының 1 келісі болжаммен 230 теңгені құрап отырғандығы айтылды.


Жиын барысында шаруалар мен мақта зауыттарының басшылары мақтаның келісіне 250 теңгеден есеп айыруға, ал, сақтауға қойған шаруаларға ақпан айында сол кездегі бағамен айырмашылығын төлеу жөнінде қорытындыланды.


Өңделген мақтаның құны шикізатынан әлдеқайда қымбат екені белгілі. Сондықтан өңірдегі мақта кластерін, оның ішінде, қайта терең өңдеуге инвестиция тартып, саланы терең дамытуға күш сала отырып, мақта сапасы мен өнім көлемін арттыруға күш салынады. Сондай-ақ басқосуда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «Ырыс» МКҰ, екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген ұзақ мерзімді үлкен көлемдегі несие беруді, несие алу жұмыстарын оңтайландыру мәселелерін қарастыру керектігі айтылды.