Мақта талшығын қайта өңдеу көлемін 100 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Түркістан облысында мақта-тоқыма саласында 75 кәсіпорын ашу жоспары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді. Осы жобаны талқылау және сарапшылар, мамандар пікірін білу мақсатында мәжіліс өткізілді. Жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін жеткізді.
«Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар», – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында өңірдегі мақта шаруашылығының ірі кәсіпкерлері, қаржылық ұйым өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары мен ғалымдар өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Ең алдымен мақта сұрпының сапасын жақсарту керектігін жеткізді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Е.Жәнібеков облыста мақта-тоқыма кластерін құру бағытындағы жоспарға тоқталды. Облыс әкімінің тапсырмасымен осы бағытта арнайы тұжырымдаманың жобасы әзірленген. Мақсаты – мақта шаруашылығын әртараптандыру, мақта-тоқыма кешені кәсіпорындарын дамыту және 2027 жылға дейін тоқыма өнеркәсібінің бәсекеге қабілетті өнімін алу. Шитті мақта өсіруден бастап, жоғары сапалы өнім шығаратын 75 кәсіпорын ашу, 9 кластер құру көзделген. 41 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, мақта талшығын қайта өңдеу көлемін 100 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Мата, май, киім және мақтадан өзге де өнімдер шығару мақсаты да қойылған.