ТҮРКІСТАН: Мақтаарал ауданында 5 ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған

0
546

2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтиды.


ТҮРКІСТАН: Мақтаарал ауданында 5 ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланған

Мақтааралдық делегация инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Өзбекстанға барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Соңғы кездері Мақтаарал ауданына инвестиция тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі - "Global textile" компаниясы биылдан бастап Қазақстанның Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті.


Кәсіпорынның негізгі мақсаты - Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған "Global textile. Turkistan" жобасы дайындалды. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады.


Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында шаруалардан 10 мың тоннаға дейін мақта қабылдауға ниет білдіріп отыр. Ол үшін Мырзакент кентінде компанияның кеңсесі ашылған.


Апта басында "Global Textile" компаниясының ұйымдастыруымен Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ауыл әкімдері, шаруалар және кәсіпкерлерден құралған бір топ делегация Өзбекстан Республикасы Ферғана облысындағы компанияның кәсіпорындарына барды.


Іссапар бағдарламасы бойынша делегация көрші елдің ауылшаруашылық саласында, оның ішінде мақта өсіру бойынша қолданыстағы озық технологиялармен танысты. Оның ішінде егіс алқаптарын тамшылатып суару, мақта зиянкестерімен күресу және дала жұмыстарын ұйымдастыруға арналған «планадо» жүйелерінің жұмысына куә болды.


Сапар аясында «Fergana Global Textile» және «Global Textile Infinity» кәсіпорындарына экскурсиялар жасалды. Өндірістің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен ауқымы, соңғы үлгідегі жабдықтар, заманауи зертханалар делегация мүшелерін тәнті етті.


«Түркістан облысында "Global Textile" бизнеске сауатты көзқарасымен және шаруаларға қолдау көрсетуімен жақсы беделге ие. Бірақ, біздің бұл сапарымыз күткенімізден де асып түсті. Олардың мақта өндіру, текстиль саласын дамытуда тәжірибесі мол. Өзбекстандық компаниямен ынтымақтастығымызды арттыра отырып, Қазақстандағы мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін», - деді ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Талғат Қаленов.


"Global textile" компаниясы мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитынын, қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорындарында жалпы саны 5 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді.