Сұрақтар әкім сайлауына, әлеуметтік жағдай, қоршаған ортаны қорғау, арнаулы оқу орындарына грант бөлу және тағы басқа мәселелерге қатысты болды.
Түркістан облыстық мәслихат хатшысы мен фракция жетекшісі қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қабылдау өтті. Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев пен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев онлайн режимде тұрғындардың өтініштерін тыңдады.
Қоғамдық қабылдауда партия филиалының фейсбук және инстаграмм әлеуметтік желілеріне түрлі сұрақтар мен өтініштер түсті. Олардың басым бөлігі жақында өтетін әкімдер сайлауына, әлеуметтік жағдай, қоршаған ортаны қорғау, арнаулы оқу орындарына грант бөлу және тағы басқа мәселелерге қатысты болды. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев Түркістан облысы құрылғалы өңірде ауқымды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.
«Бұрын қоғамдық қабылдауларда инфрақұрылым, су, газ, жол мәселелері өте жиі көтерілетін. Қазіргі таңда бұл бағыттар бойынша өтініштер мен сұрақтар азайды. Осы арқылы өңірде, Түркістан қаласында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын білуге болады», – деді мәслихат хатшысы.
Ал «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев тікелей эфир барысында түскен әрбір өтініш пен сұрақ хаттамаға енгізіліп, тиісті жауаптар берілетінін айтты. Сонымен бірге алдағы саяси бетбұрыс – әкімдер сайлауы туралы сұрақтарға жауап берді.
«Биыл елімізде бірінші рет ауылдарда әкім сайлауы өткізілмек. Ол сайлауға ешқандай партияда тіркелмеген үміткерлер де қатыса алады. Дегенмен олардың қоғамдық жұмыста, мемлекеттік қызметте, жалпы басшылық пен үйлестіруде тәжірибелері болулары тиіс. Ел алдындағы жауапкершілікті көтеру оңай іс емес», – деді ол.
«Nur Otan» партиясының Түркістан облысындағы филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 1380 қабылдау жүргізіліп, 3666 тұрғынның мәселелері қаралды. Оның ішінде: барлық деңгейдегі мәслихаттағы партия фракциясы депутаттары 792 жеке қабылдау жүргізіп, 2168 азаматтың өтініштері назарға алынған.