Мақсат - шарулардың шағымын тыңдап, биылғы науқан мақта егістігінде орын алатын проблемаларға назар аудару.
Облыстық мәслихат төрағасы Шардара ауданында шаруалармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Шардара ауданындағы Қоссейіт, Көксу ауылдық округінде мақта жиын-теріміне қатысты шаруалармен кездесті. Жиынға аудан әкімі Қ.Жолдыбай, құқық қорғау саласының қызметкерлері, ауыл әкімі және тиісті мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері, мақта өңдеу зауыттарының басшылары қатысты.
Мақсат - шарулардың шағымын тыңдап, биылғы науқан мақта егістігінде орын алатын проблемаларға назар аудару. Мақта теріміне қатысты кездесуде алғаш болып аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы баяндама жасады.
"Мақта қабылдау пункттерінің жұмыстарын қайта саралау, электр қуатымен қамтылуы, электр желілері арқылы атқарылатын жұмыстардың қауіпсіздік шараларымен техникалық қауіпсіздік шараларының орындалуын бақылау қолға алынатын болады. Аудандағы ауыл округтерінде күзгі дала жұмыстарына 1700 дана доңғалақты техникалар, 124 дана шынжыр табанды техникалар, 35 дана астық ору комбайндары, 250 дана әртүрлі маркадағы мақта комбайндары, 1013 дана трактор тіркемелері мен 103 дана бүріккіштер дайындалды. 2023 жылы ауданда 41960 тн (27,5ц/га) мақта жинау межеленуде. Жиналатын мақтаның 90%-нан астамы мақта комбайндарымен теріп алу жоспарлануда", - деді Қ.Жолдыбай.
Жиынға қатысқан шаруалар облыстық штаб мүшелеріне өз ойларын айтып, мақта жөнінде сұрақтарын қойды. Жиынға қатысқан шаруалар Нұралы Алмаханұлына шаруашылықта тап болатын жылдағы мәселенің мәнісін айтып көтерді. Көпшілігі мақта қабылдау пунктеріндегі таразы мен лабораторияны жіті бақылауға алуды сұрады. 100-ден аса шаруа жиналған басқосуда мақта қабылдау пунктері мен мақта өңдеу зауыттарының басшыларына да қатаң ескертулер болды. Мақташылардың мәселесіне назар аудармайтын жауаптыларға да сын-ескертпелер айтылды.
"Көксу ауылында 8 мақта қабылдау пункті бар. Әрбір мақта пунктеріне мақта жиын-терімі аяқталғанша жауаптылар бекітілген. Бұдан өзге, әр ауылдық округтерде белгіленген комиссиялық топ жұмыс жасайды. Жалпы ауданда 8 жұмысшы топ бар. Жұмысшы топты өзім басқарамын. Мақта қабылдау пунктерінде заңсыздық орын алған жағдайда біз бәріміз мәселенің оң шешілуіне ықпал жасаймыз. Шаруаларға мақта терімі барысында қысым жасауды тоқтату керек. Сонымен қатар, биылғы жылы мақта өткізу кезінде шаруалар мақтаны арнайы келісім-шарт негізінде өткізу талабы қойылады",- деді облыстық мәслихат төрағасы.
Жалпы Көксу ауылдық округінде егістік жер көлемі 9615 гектарды құрайды. Оның ішінде мақта дақылы 4056 гектар. Бүгінгі таңда, 445-шаруа мақта егумен айналысады. Ал, Қоссейіт ауылында халық саны-4991 адам. Шаруа қожалық-598. Егістік жер-6796 гектарды құрайды. Оның ішінде мақта еккендер қатарында 1196 шаруа бар.
Жиын соңында шаруаларға мақта жиын-терімі аяқталғанша барлық мәселе назарда болатыны айтылып, мәселе тұрақты бақылауға алынатыны жеткізілді.