ТҮРКІСТАН: Мәжіліс депутаттары бірқатар нысанды аралады

0
493

Көкөніс шаруашылығы саласы мен суармалы егіншіліктің өзекті мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізеді.


ТҮРКІСТАН: Мәжіліс депутаттары бірқатар нысанды аралады

Түркістан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев бастаған делегация жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


11 мамыр күні Түркістан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында депутаттар Еркебұлан Мәмбетов, Жигули Дайрабаев, Айдарбек Қожаназаров, Ислам Сұңқар, Ғалымжан Елеуов, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек және бір топ министрлік өкілдері болды.


Сапар аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Ордабасы, Сайрам, Сауран аудандарындағы жылыжай кешені мен мал бордақылау алаңдарының, өндіріс орындарының жұмысымен, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстары, жаңбырлатып суару жүйесі, Түркістан магистральды каналының жұмысымен таныстырды.


Айта кетсек, бүгін Мәжіліс комитеті Түркістанда көкөніс шаруашылығы саласы мен суармалы егіншіліктің өзекті мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізеді.


Онда депутаттар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, салалық бірлестіктердің өкілдерімен елімізде көкөніс шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму болашағын, суармалы егіншілік мәселелерін талқылайды.


Отырыс барысында ішкі нарықты жеміс-көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етудегі өңірлік ерекшеліктер мен тежеуші факторлар, сондай-ақ саланың басқа да өзекті мәселелері қаралады.