ТҮРКІСТАН: Мәжіліс депутаты Сайрам ауданындағы нысандарды аралады

0
560

Сұрақтардың бәрі бақылауға алынып, хаттамаға енгізілді.


ТҮРКІСТАН: Мәжіліс депутаты Сайрам ауданындағы нысандарды аралады

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сайрам ауданындағы нысандарды аралады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қараша халықтың талап-тілектерінің шешімін табуға атсалысып жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Сайрам ауданына арнайы іссапармен барды. Іссапар барысында алдымен Сайрам ауданы әкімі Арман Сәбитовпен бірге «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.


Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мектеп құрылысы, тұрғын үй және жер кезегі, тәулік бойы таза ауыз сумен қамтылу мәселелерін тыңдады. Қоғамдық қабылдауда қозғалған мәселелердің барлығы халық қалаулысы мен аудан әкімінің назарына алынып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Сұрақтардың бәрі бақылауға алынып, хаттамаға енгізілді.


Халық қалаулысының Сайрам ауданына жасаған сапары «Белсенді ұзақ өмір орталығында» жалғасты. Кездесу барысында аудан әкімі Арман Сәбитов зейнеткерлер мен қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған орталықтың жұмысымен таныстырды.


Келесі кезекте Манкент станциясы аумағында теміржол саласының өкілдерімен кездесіп, көкейлерінде жүрген сауалдарын сұрады. Атқарған жұмыстарына сай мардымды жалақы алатындарын айтқан теміржолшылар атқамінер азаматтарға өз алғыстарын білдірді. Өз кезегінде, аудан әкімі Арман Сәбитов Ақсукент 2 және Қарабұлақ ауыл округін жалғайтын жол қозғалысы кеңейтіліп, нәтижесінде ауқымды көпір салынатынын айтты.


Бұдан соң, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков аудан аумағының тазалық жұмыстарымен айналысатын «Көрікті Сайрам» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне табан тіреді. Еңбеккерлермен жеке тілдесіп, жай-күйімен қанықты.


Аралау барысында аудан тазалығына атсалысып жүрген азаматтардың еңбегін жоғары бағалаған халық қалаулысы алдағы уақытта жалақыларын көтеру керектігі жөнінде өз ұсынысын білдірді.