Баспаналы болған Андрей және Анастасия Волокитиндердің 9 перзенті бар.
Түркістан облысы Шардара ауданындағы Қоссейіт ауылында орналасқан «Сырдария» жалпы орта мектебінің 20 жылдық тұлектері көп балалы отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қоссейіт ауылында тұратын Волокитиндер отбасының отағасы Андрей ауыл тұрғындарының тұрмыстық техникаларын жөндеп нәпақы тапса, Анастасия мен ересек перзенттері шаруа қожалықтарында жалдамалы жұмыс істеп, киім-кешек, қысқы азық-түліктерін түгендеп келген. Тұрақты жұмыс болмаған соң баспана алуға да шамалары келмей, пәтер жалдап тұратын отбасыға Қоссейіт ауылындағы «Сырдария» жалпы орта мектебінің 20 жылдық түлектері баспана салып берді. Алдымен ауыл шетінен жер алып үйдің іргетасынан бастап өру, сылау, шатырын жауып әктеп-сырлау жұмыстарына дейін атсалысқан азаматтар ауыл әкімдігімен бірлесе отырып электр жарығы мен ауыз суды да қосып берді.
«Біз өзіміз білім алған мектебімізге интерактивті тақта мен проектор, компьютер сыйға тарттық. Ауыл әкімдігімен, мектеп басшылығымен, сыныптастармен ақылдаса келе өзімізбен бірге оқыған, бүгінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін Анастасияға көмек беруді ұйғардық. Түрлі салаларда еңбек етіп жүрген сыныптас достарымызбен осы істі жасап, 9 баласы бар сыныптасымызды қуантқымыз келді», дейді 20 жылдық түлектер.
Осылайша игілікті іс жасаған сыныптастар көп балалы отбасыға газ плитасы мен кілем сыйлап, ауыл тұрғындарына арнап дастархан жайды. Өмірден өткендердің рухына құран бағыштап, ас берді.
Шараға арнайы қатысқан Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қайыры мол іс жасаған мектеп түлектерін аудан әкімінің атынан алғыс хаттармен марапаттап, Волокитиндердің шаңырағына кілем сыйлады.