Биылғы оқу жылында еліміздің мектептері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар аталып өтіледі.
Келес ауданында «Білімді Ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбында тамыз кеңесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Келес ауданында «Білімді Ұлт – тұрақты даму кепілі» тақырыбында тамыз кеңесі өтіп, оған білім саласында қызмет еткен бірқатар ардагер ұстаздар мен осы салада еңбек етіп жүрген білім беру ұйымдары қатысты. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы А.Сексенбаев ұстаздар қауымын алдағы білім күнімен құттықтап, жиынды ашып берді. Ең бастысы жас ұрпаққа сапалы білім берудің маңыздылығын баса айтып, келес өңірінің білім саласын дамытуға қосқан үлестері үшін барша ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
Бүгінгі күні Келес ауданы бойынша білім беру ұйымдарында 34 мыңға жуық бала білім алады. Олар мектепке дейінгі 101 балабақшада және 63 жалпы орта білім беру ұйымдарында оқып, тәрбиеленуде. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес аудандағы 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен оқытуға қамту 99,7%-ды құрап, оны 100%-ға жеткізу күтілуде. Аудандағы жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың үлесінің 85,4% жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды құрайды. Барлық мектепке дейінгі ұйымдар «Balabaqha smartnation.kz» автоматтандырылған жүйеcіне қосылған. Осы жүйе арқылы балаларды қабылдау, кезекке қою, жолдама беру мемлекеттік қызметтері жүзеге асырылуда.
Барлық білім беру ұйымдары Ashyq жобасына 100% қосылған. Биылғы оқу жылында мектептер санитарлық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі форматта оқытылады. Күнделікті дене қызуын өлшей отырып, масқалық режим оқушы мен мұғалім арасында қатаң түрде сақталады. Сыныптарды желдету, дезинфекциялау жұмыстары күнделікті жүргізіліп отырады.
Биылғы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – мұғалімнің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды. Сабақ ұзақтығы 45 минутқа қайтарылды. Білім алушылардың оқу жүктемесі төмендетілді. Білім беру ұйымдарына қысқартылған оқу жүктемесімен Үлгілік оқу жоспарларын таңдау мүмкіндігі берілді. «Жаһандық құзыреттіліктер» таңдау курсын енгізу оқушыларымыздың бойында қазіргі қоғамның талаптарына сай білім мен дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биылғы оқу жылында еліміздің мектептері Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, ағартушы-ұстазымыз Ы.Алтынсариннің 180 жылдығын атап өтеді.
Конференция барысында бірқатар ардагер-ұстаздар сөз алып, мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп жатқан қолдауларға ризашылықтарын білдіріп, жас ұстаздарға жаңа идеялы көзқараспен сапалы білім беру бағытына тілектестіктерін жеткізді. Жиын соңында алмас Сексенбаев білім саласының дамуына үлес қосып, ерекше шығармашылығымен, жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздарға ҚР Білім және ғылым минстрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым минстрлігінің және облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады.