60-қа жуық тәртіптік іс қаралған.
Түркістан облысына мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларын бұзу деректері азайған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2021 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер саны едәуір азайған. Өтініштер саны 361-ді құрап, 42%-ға (2020 жылы – 527), оның ішінде жеке тұлғалардан түскен өтініштер саны 305 болып, 33%-ға төмендеген.
Атап өтсек, облыстық Әдеп кеңесінде 59 тәртіптік іс қаралып, 2020 жылмен салыстырғанда 9%-ға, оның ішінде әдеп нормаларын бұзу бойынша 34 іс тіркеліп, 7%-ға азайды. Жергілікті атқарушы органдардағы тәртіптік комиссияларында мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылықтар бойынша 9 жағдай қаралған. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 57%-ға кем.
Түркістан облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мақсат Исаевтің айтуынша, облыс азаматтарымен конструктивті диалогты қалыптастыру және ашық қарым-қатынас орнату мақсатында «Facebook» әлеуметтік желісінде арнайы «Түркістан облысының Әдеп жөніндегі уәкілі» аккаунты және облыстың 17 аудан, қаласында Әдеп жөніндегі уәкілдердің аккаунттары ашылды. Барлық атқарылып жатқан жұмыстар үнемі жарияланып отырады.
«Жергілікті атқарушы органдардағы тәртіптік комиссиялардың шешімдерімен 2021 жылы әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін облыс әкімі аппараты және аудан, қалалар бойынша барлығы 45 мемлекеттік қызметшіге заң аясында тәртіптік шара көрілді. Қызметтік әдеп нораларының сақталуы, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін бағдалау үшін жасырын сауалнама жүргізілді. Сауалнамаға 3765 штаттық қызметкердің 3131-і қатысты. Мемлекеттік қызметшілердің деңгейін көтеру, әдеп нормаларының сақталуын қадағалау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді», – дейді М.Исаев.
Тағы бір айта кетерлігі, былтыр өңірдегі мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа байланысты оқиғалар екі есе азайған.