4852 отбасына 50 мың теңгеден беріледі деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысында 52 жасанды тыныс алу аппараты тапсырылды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан қаласында «Өмір» және «Шипа» жобалары кезекті рет жүзеге асырылды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының пандемияға қарсы жобалары аясында ауруханаларға 31 жасанды тыныс алу аппараты және 200 мұқтаж отбасына дәрі-дәрмек қорапшалары жіберілді.
Бұған дейін де «Өмір» жобасы бойынша ауруханаларға 21 аппарат, ал «Шипа» арқылы 400 отбасына дәрі-дәрмек тапсырылған болатын. Яғни, партияның үйлестіруімен тапсырылған жасанды тыныс алу аппараттарының саны 52-ге жетіп отыр.
Жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев пандемияға қарсы күресте босаңсуға жол жоқ екенін мәлімдеді. Елімізде коронавирус індеті шарықтап, ел қиналған сәтте партия тарапынан «Біз біргеміз» акциясы қолға алынған. Облыста 43 мыңнан астам отбасына азық-түлік берілсе, 34055 отбасына 50 мың теңгеден берілді. Таяуда тағы 4852 отбасына 50 мың теңгеден беріледі деп жоспарланып отыр.
«Облыстық мәслихат депутаттары, партия мүшелері және өзге де кәсіпкерлердің көмегімен «Өмір» жобасы бойынша 52 жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. Сонымен бірге «Шипа» жобасы арқылы аз қамтылған 600 отбасы дәрі-дәрмекпен қамтылды. Ел азаматтарына, кәсіпкерлерге, «Jas Otan» жастар қанаты мен «Jas Turkistan» еріктілер клубына алғысымыз мол», – деді Б.Дәулетұлы.
Жалпы «Өмір» және «Шипа» жобаларына атсалысқан кәсіпкерлер мен «нұротандық» депутаттар тарапынан қаражат жиналды. Солардың қатарындағы Нұралы Әбішов, Мағауия Тұрысбеков, Алмас Салимов, Қайнар Абасов және Жаңабай Ағабеков бастаған бір топ азамат та осы іс-шаға қатысып, лебіздерін білдірді. «Елге көмектесуге әрқашан дайынбыз!», – дейді халық қалаулылары.