ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі Бәйдібектегі мектеп-интернаттың жай-күйімен танысты

0
696

Мектеп «көгілдір отынмен» жылытылады.


ТҮРКІСТАН: Облыс әкімі Бәйдібектегі мектеп-интернаттың жай-күйімен танысты

Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданындағы мектеп-интернаттың жай-күйімен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы С.Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының жай-күйімен танысты. 700 орынға шақталған мектеп 2011 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда білім ордасында 136 мұғалім жұмыс істейді. Мұнда екі ауысымда 1 мыңнан аса оқушы негізгі мектеп типтік ғимаратта білім алады. Мектеп «көгілдір отынмен» жылытылады.


Мектептің оқу бөлмелері мен құрал-жабдықтарын жаңарту мақсатында «Қазақстан Халқына» қоғамдық қоры, «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры қоғамдық қоры, «Ed Tech Innovation» ЖШС және С. Әбдіжаппаов атындағы жалпы орта мектеп-интернаты арасында төрт жақты келісімшарт жасалды. Меморандум аясында серіктестер 250 млн. теңге қаржы бөліп, білім ордасындағы 30 оқу кабинеті толықтай жабдықталуда. Одан бөлек спорт зал, акт зал, АРТ-студия жабдықталып, кітапханаға керек-жарақтар жеткізілуде. Сонымен бірге білім ордасында телестудия да жасақталуда.


Облыс әкімі мектепті аралау барысында жылу қазандығының жай-күйіне баса мән беріп, жылу жүйесіндегі анықталған ақаулықтарды қалпына келтіруді тапсырды. Мектеп асханасының ас мәзірін көрді. Жауаптыларға оқушыларға барлық жағдай жасалуы керек екенін айтты.


Бәйдібек ауданында жалпы 51 мектеп бар. Онда 2454 педагог 12 343 оқушыға білім беруде. «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шаян ауылынан жаңадан 300 орындық мектептің құрылысы былтыр басталған.


Айта кетейік, Түркістан облысында үш жылда 100-ге жуық мектеп салынады. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы мен республикалық бюджет есебінен құрылысы жүргізілетін 33 мектептің 2023 жылы 18-і тапсырылса, қалғаны 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 жылда 63 мектеп салынады. Жобалық қуаты – 49 мың орын. 2024 жылы 29 мектептің құрылысы басталса, 2025 жылы 34 мектеп пайдалануға беріледі. Оларға қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.