ТҮРКІСТАН: Облыстық мәслихат сессиясында 24 мәселе қаралды

0
1 092

Бірқатар депутат сөз алып, өз ұсыныстарын айтты.


ТҮРКІСТАН: Облыстық мәслихат сессиясында 24 мәселе қаралды

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті екінші сессиясы өтіп, сессия жұмысында 24 мәселе қаралды. Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары, облыстағы мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, облыстық қоғамдық ұйымдардың төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов жүргізді.


Күн тәртібіндегі маңызды мәселелер, атап айтқанда Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №19/232-VІI «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы және облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады.


Сондай-ақ, сессия жұмысында кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар мен кеңестердің құрамына өзгерістер енгізілді. Одан бөлек, облыс әкімдігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы, Кентау қаласы мен Сауран ауданының шекарасын өзгерту және белгілеу, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесін лауазымынан босату, облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою, Түркістан қаласының кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру, тегін медициналық көмектің кепілдік берілгенкөлемі шеңберіндегі мәселелер, өңірдегі жылу маусымына дайындық және оны өткізу Қағидаларын бекіту, «Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспары туралы» Түркістан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу сынды мәселелер қаралды. Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдерді қабылдады. Сонымен бірге, бірқатар депутат сөз алып, өз ұсыныстарын айтты. Өз кезегінде мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізіп, сессия жұмысын қорытындылады.