Жүргізілген сауалнама нәтижесінде облыстың жергілікті атқарушы органдарында мемлекеттік қызметшілердің 22%-ы жұмыс күні аяқталғаннан соң жұмыста қалатындығын көрсеткен.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Ғалым Сұлтанұлы Тұрсынбаевтың брифингінде мәлім болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Брифинг барысында Ғалым Тұрсынбаев «Елбасы биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің жұмысының сапасына жағымсыз әсер ететін мемлекеттік органдардағы артық жұмыс жасауын ерекше назарға алғанын» атап өтіп, Департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында негізсіз қалуы, демалыс және мереке күндері жұмысқа шығу фактілерін анықтауға байланысты жүргізілгенсауалнама мен рейдтік шаралардың нәтижесіне тоқталып өтті.
Жүргізілген сауалнама нәтижесінде облыстың жергілікті атқарушы органдарында мемлекеттік қызметшілердің 22%-ы жұмыс күні аяқталғаннан соң жұмыста қалатындығын көрсеткен, ал, рейдтік іс-шараларда бірқатар мемлекеттік органдардың қызметкерлері жұмыс уақытысы 19.00-де аяқталса да жұмыста қалатыны анықталды.
Осы орайда, қызметкерлердің жұмыста қалып үстеме жұмыс атқаруына жол берген мемлекеттік орган басшыларының іс-әрекеттері алдағы уақытта Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралатын болады.
Айта кетсек, Департамент тарапынан облыс орталығында ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралар қазіргі таңда аудан, қалада арнайы мониторингтік топ мүшелерімен жүргізілуде.
Жиын соңында Департамент басшысы қолданыстағы заң талаптарын сақтамаған, яғни қызметшілерінің үстеме жұмыс атқаруына жол берген басшылар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын айтып қорытындылады.