Түркістан облысында 100 жаңа қоқыс контейнері орнатылады

0
1 486

Қала әкімі сын-ескертпелер бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.


Түркістан облысында 100 жаңа қоқыс контейнері орнатылады

Жетісай қаласында қосымша 100 қоқыс жәшігі қойылатын болады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Жетісай ауданының орталығы болып саналатын Жетісай қаласындағы қоқыс мәселесінің көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқаны жасырын емес. Көшелердегі қоқыстың қолаңса иісінің қолқаны алып, шашылып жатуының бір себебі – тұрғындардың коммуналдық қызмет мекемесімен келісім-шарт жасасуға құлықсыздық танытып, ақысын төлемеуі болса, екінші себеп – қоқыс алаңшаларында контейнерлердің жетіспеуі болып келген.

Осы орайда, өткен аптаның басында қаланы толық аралап шыққан аудан әкімі Жамантай Қанайұлы қоқыстың белгіленбеген орындарға тасталуының алдын алу, қоқыс алаңшаларын дезинфекциялау, тұрғындармен келісім-шарт жасасуды реттеп, коммуналдық мекемелердің жұмысын жақсартуды шаһар басшысы Тұрышбек Елшібаевқа нықтап тапсырған болатын. Қазіргі уақытта айтылған сын-ескертпелер бойынша жұмыстар жүргізіліп, қоқыс алаңшалары күнделікті дезинфекцияланып, арнайы хлор сұйықтығымен жуылып жатыр.

Одан бөлек, жақын күнде қаладағы 17 қоқыс алаңшасына қосымша 100 қоқыс контейнері орнатылатын болады. Өз кезегінде бұл іс қала тазалығына мол әсер етпек.