Түркістан облысында 1,1 миллион тұрғын газбен қамтылған

0
665

2020 жылы 25 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Биыл облыс бойынша 21 нысанның құрылысы аяқталып, 154 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады.


Түркістан облысында 1,1 миллион тұрғын газбен қамтылған

Түркістан облысында өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,1 млн. халық, жалпы өңір тұрғындардың 56,7%-ы табиғи газбен қамтылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Игорь Алексеев мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оның айтуынша, биыл облыс бойынша жалпы 423 елді мекен немесе 1,2 млн халық /64,4 %/ табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

«Облыс орталығы Түркістан қаласының тұрғындары биыл 50 пайыз газбен қамтылса, 2021 жылы толық барлық үйлер мен ғимараттарға көгілдір отын кіретін болады. Облыс әкімдігімен «Түркістан облысын газбен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, 2026 жылға дейін облыс елді мекендерін 100% газбен қамтамасыз ету жоспарлануда», - деді басқарма басшысы.

2019 жылы электрмен қамтамасыз ету саласы бойынша жылдың қорытындысымен облыста 10 мың халық тұратын 4 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды.

Ал ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбыры мүлдем жоқ 40 мың халық тұратын 43 елді мекенге жаңа ауыз су құбырлары салынып, 12 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде, ауыз сумен қамту деңгейі 80%-ды құрап, 671 елді мекен таза ауыз су пайдалануда.