Жобалар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Қытайға жұмыс сапары нәтижесінде жүзеге асты.
Түркістан облысында бір күнде 2 кәсіпорын ашылып, 1 зауыттың капсуласы салынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысында өндірісті дамыту, зауыттар ашу, инвестиция тарту бағытында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бүгін Түркістандағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың капсуласы салынды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен инвесторлар арнайы қатысып, жұртшылықты құттықтады. Жобалар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының Қытайға жұмыс сапары нәтижесінде жүзеге асты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, облысымыздың өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін және қала тұрғындарына жұмыс орындарын ашуға үлесін қосатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт құрылысы басталғалы тұр. «Panel Sistem KZT» компаниясының жобасының іске қосылуы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге өз септігін тигізеді. Біз инвестиция тарту, кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп отырмыз. Жұмыстар жалғасады. Бастамаға сәттілік және табыс тілеймін!», – деді Дархан Сатыбалды.
Бұл маңызды әрі заманауи жобаның инвестициялық құны – 1,54 млрд теңге. Жаңадан 32-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Аталған зауыттың жылдық қуаттылығы – 250 мың шаршы метр. Онда сэндвич-панельдер, гофрленген қаңылтырлар, металл плиткалар және өзге де құрылысқа қажетті заттар шығарылады деп жоспарланған. Бүгінде зауыт салынатын жер бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кеткен.
Одан кейін «TURKISTAN» индустриалды 2 кәсіпорын ашылды. Олардың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, кәсіпорындардың жұмысына сәттілік тіледі.
Бүгін ашылған жиһаз цехы жобасының жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құраған. 50-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Заманауи, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған цех күніне 600 дана жиһаз шығаруға қауқарлы. Аталған цех облыс мектептерін, балабақшаларын, сонымен бірге, өңірде ашылып жатқан ғимараттарды толықтай жиһазбен қамтуға үлес қоспақ.
Ал «TURKISTAN» индустриалды аймағында Қазақстан мен Қытай инвесторларының бірлескен жобасымен шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Бұл жобаның құны – 1 млрд теңге. Кәсіпорын күніне 32 мың жұп шұлық шығаруға қауқарлы. 30 жұмыс орны ашылған. Облыс әкімдігінің қолдауымен инвесторларға арнайы жер ұсынылған. Өндірістік браунфилд ғимаратымен қамтылған.
Инвесторлар шұлық фабрикасы толық қуатына жеткен соң Түркістанда костьюм шығаратын жобасын да жүзеге асырмақ. Бұл жобаға 2,8 млрд теңге инвестиция салынады. Күніне 500 костюм тігіледі деп күтіліп отыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды 2023 жылы Қытай Халық Республикасына іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізген болатын. Сол келіссөздер жемісін беріп, жобалар жоспарлануда.
Тағы бір жаңалық, Түркістанда пандемия кезінде жұмысын уақытша тоқтатқан «Golden Camel» зауыты өз жұмысын қайта бастады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды былтыр Қытайға жұмыс сапарында «Golden Camel» зауытының басшыларымен кездесіп, жұмысын тоқтатқан зауытты қайта іске қосу туралы мәселені көтерген болатын. Нәтижесінде, кәсіпорын іске қосылып, өнімін экспорттап жатыр. Сұраныс жоғары. Өндіріс орны түйе және бие сүтінен құрғақ сүт шығарумен айналысады. Сонымен қатар мұнда ұлттық сусынды соңғы процеске дейін өңдеп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығарылады.