Түркістан облысында 300 мың тоннаға жуық қауын-қарбыз өндірілді

0
973

Күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне жол тартуда.


Түркістан облысында 300 мың тоннаға жуық қауын-қарбыз өндірілді

Мақтааралда бақшадан 300 мың тоннадай қауын-қарбыз өндірілген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі таңда Түркістан облысы Мақтаарал ауданында қауын-қарбыз бизнесінің қайнап тұрған кезі. Аудан шаруалары өз өнімдерін еліміздің ішкі нарығымен қатар, экспортқа шығаруда. Күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД елдеріне, Прибалтика елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартып жатыр.

Биыл диқандарымыз 9 277 гектар жерге қауын, 831 гектар жерге қарбыз еккен. Бүгінге дейін жалпы бақшадан 297 559 тонна өнім алынды. Оның ішінде 236 010 тонна қауын, 61 549 тонна қарбыз өндірілген. Еліміздің ішкі нарығына 14 878 тонна өнім жіберіліп, қалған өнімдердің барлығы шетел асуда.

Аудандағы "Қазақ мақта шаруашылығы" ғылыми зерттеу институты тарапынан жасап шығарылған қауынның "Жиенбет", "Валеть" сияқты сорттарының дәмі тіл үйіреді және тасымалдауға төзімді. Яғни, ұзақ жолға бейімделген. Көлемі де ыңғайлы, бір қорапқа 6-7 қауын сыяды. Дәмі тіл үйіретін жаңа сорттардың арқасында соңғы жылдары мақтааралдық диқандар үлкен табыс тауып, күллі Ресей мен Еуропаның нарығын жаулап алды. Сондай-ақ, бәсекелестік ортада жерлестеріміз Өзбекстан мен Түркіменстан елдеріне де дес бермей келеді.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданының кіреберісіндегі логистикалық орталық жүк көліктеріне лық толған. Еуропадан және басқа да елдерден келген кәсіпкерлер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, қонақ үй, кафе, автотұрақ, бассейн кешені мен қосалқы бөлшек дүкенінің қызметтері қарастырылған. Сондай-ақ, көкөніс сақтау қоймасы да іске қосылды.

Осылайша қауын-қарбыз бизнесі - Мақтаарал ауданында тұтас бір индустрияның дамуына жол ашып отыр.