Түркістан облысында ардагерлер пленумы өтті

0
380

Облыстық ардагерлер кеңесі негізгі 8 бағытта жұмыстар жүргізді.


Түркістан облысында ардагерлер пленумы өтті

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, пленум мүшелері, облыстық басқарма басшылары, аудандық, қалалық әкімдіктерінің тиісті бөлім басшылары, аудандық, қалалық «Әкелер мектебінің» төрағалары, «Әжелер алқасының» төрайымдары, бірқатар бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


«Бұл басқосу өңірдің рухани саласына оң серпін береді деп сенемін. Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани және туристік орталығына айналдыру бағытында жоспар түзіліп, іске асырылды. Бұл – мемлекетіміздің өңірімізге деген үлкен қолдауы. Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы осы мақсатта табысты еңбек етіп келеді. Ұлттық тәлім-тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру арқылы жұртшылықты ізгілікке, отаншылдыққа, еңбекке құлшындыру бағытында облыс ардагерлерінің алар орны айрықша деп білемін. Осы орайда Түркістан облысының Жеңісбек Мәуленқұлұлы бастаған «Ардагерлер кеңесі», «Әжелер алқасы» республикамызға үлгі болатын игі шараларды ұйымдастырып жүр. Бүгінгі басқосуда да маңызды ұсыныстар айтылады деп сенемін», – деді Бейсен Тәжібаев.


Жиында Облыстық ардагерлер кеңесінің 2023 жылғы атқарған жұмыстары және алдағы міндеттері және ұйымдық мәселелер қаралды. Кеңес төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов атқарған жұмыстарға тоқталды. Ұйымдастырылған іс-шараларға 10 мыңға жуық адам қатысты. Онда жастар тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, салауатты өмір салты, елдің ынтымағы мен бірлігі, ардагерлердің әлеуметтік жағдайлары, тағы басқа өзекті мәселелер қаралған.


Облыстық ардагерлер кеңесі негізгі 8 бағытта жұмыстар жүргізді. Басты міндет – ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Осы тұрғыда қаржылық көмек көрсетілді. Арақ-шарап сатылмайтын ауылдар саны көбейіп, мал ұрлығына, құқық бұзушылыққа тосқауыл қойылып, дау-дамай азайды. Жастар тәрбиесіне жаңа бетбұрыс, бастама берілді.


Қабылданған іс-шаралар жоспарының аясында Бәйдібек, Қазығұрт, Сауран аудандарынан бөлек басқа аудандарда жаңадан ғимараттар салынды және бұрынғы тойхана, мейрамхана ғимараттары «Ардагерлер орталығы» болып қайта жаңғыртылды. Мұнда ардагерлер үшін тиісті мүмкіндік қарастырылған, емделуге, демалуға, түрлі ойын, спортпен айналысуға, ІТ сауаттылыққа іс-шараларды ұйымдастыруға жағдай жасалған.


Пленумда алдағы атқарылатын жұмыстармен міндеттері айтылып, нақтыланды. Оның барысында 18 ардагер Республикалық кеңестің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және облыстық ардагерлер кеңесінің төсбелгілерімен, Грамотасымен марапатталды. Жалпы алғанда барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдары, зиялы қауыммен бірлесе елдің бірлігі мен ынтымағына, оның тұрақтылығына және ардагерлер қозғалысын дамытуға, жас ұрпақ тәрбиесіне жұмылдырылады.


Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің негізін 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестеріне біріктірілген 619 бастауыш (ауылдық) ардагерлер ұйымы құрайды. Онда 152588 ардагер есепте тұрады немесе облыстағы зейнеткерлердің 82,3%-ын құрайды. Оның ішінде 10-нан аса ҰОС ардагері, 4092 тыл ардагері бар. Ардагерлер саны өткен жылмен салыстырғанда 11733 адамға, бастауыш ардагерлер ұйымы 83-ке көбейді.