Түркістан облысында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

0
345

10 ұстазға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталды.


Түркістан облысында дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Түркістан облысында жаңа замандағы білім беру бағытында дәстүрлі «Тамыз кеңесі-2024» өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Тамыз кеңесі – білім саласындағы жетістіктермен қатар кемшін тұстарды да таразылайтын дәстүрлі жиын. Бүгін Түркістан облысының білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Дәстүрлі тамыз кеңесінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жаңа оқу жылының басталуына сәттілік тіледі.


«Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құтттықтаймын! Бүгінгі дәстүрлі Тамыз кеңесінің атауы да бекер емес. Себебі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект немесе адамның ойлау қабілетін компьютерлік жүйелермен модельдеу дәуіріне өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы республикалық педагогтер съезінде білім беру үдерісін цифрландыруда жеделдік керектігіне арнайы тоқталды. Осы маңызды басқосуда облыстың білім саласына бей-жай қарамайтын үлкен академиктер мен эксперттерді және білім саласының үздіктерін, мәртебелі ұстаздарымызды төрімізден көргеніме қуаныштымын. Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – бүлдіршін кезден бастап көрген тәрбиесімен өнегесі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болып, еліміздің болашағының жарқын болуы біздің бүгінгі адал еңбегімізге байланысты. Баршаңызды бірлікте күш қосып, бала оқытудан кеш қалмауға шақырамын», – деген облыс әкімі бірқатар ұстаздарды марапаттады.


Тамыз саммитінде 10 ұстазға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі табысталып, облыс әкімінің атынан 10 педагог марапатталды. Тамыз кеңесінде облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етті. Плеанарлық отырысқа 1000-ға жуық білім саласының қызметкерлері келіп, 20 мыңнан астам педагог онлайн тамашалады.


Дәстүрлі тамыз кеңесіне ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Тұрғанбайқызы, ғалым, педагогика саласының докторы Асқарбек Хусаинов, мемлекет және қоғам қайраткері Жұлдыз Омарбекова, білім-инновация Халықаралық қоғамдық қорының президенті Өте Дархан, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тілеп Болат қонақ ретінде келді.


Педагог кадрларды қалыптастыру жайы да маңызды. Өткен жылы облыс ұстаздары шетелдерде және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында мұғалімдер біліктілігін көтерді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, педагог білімін көтеру жөніндегі тапсырмалары орындалуда. Сонымен бірге білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да жұмыс жүргізіледі.


Облыстағы орта білім беру ұйымдарының желісі 1060-қа артты. Оқушылардың болжамды контингенті 530 000, оның ішінде 1-сыныпқа қабылданатын балалар саны – 52 593. Аймақтың білім саласында 65 762 педагог қызмет етеді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 220 920 оқушы бірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеттері алынады. 2024-2025 оқу жылында 17 081 оқушы тасымалданады. Оқушыларды тасымалдауға жаңадан алынған 101 автобус қызмет көрсетеді. Қалған 65 мектептегі қызмет түрі келісім-шарт негізде жүргізілуде.