​Түркістан облысында қылмыстық топ 16 үйді тонап кеткен

0
941

Күдіктілер Шымкент қаласынан ұсталған.


​Түркістан облысында қылмыстық топ 16 үйді тонап кеткен

фото: иллюстрациялық

Түркістан облысында пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ордабасылық тұрғын жергілікті АПБ-не арызданып, күндізгі уақытта белгісіз біреулер жасырын үйіне кіріп, 700 000 теңгені құрайтын алтын бұйымдары мен 1 дана теледидарын жымқырып кеткенін көрсеткен.

Бұл жайттан бөлек бір апта ішінде Ордабасы АПБ-не осындай пәтер ұрлықтарына байланысты 4 жәбірленуші шағым түсірген. Тәртіп сақшыларының нәтижелі жедел-іздестіру шараларының арқасында ақпарат көздері мен бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдіктілердің бейнесі арқылы ұрылардың жеке бастары анықталды. Осылайша, күдіктілер Шымкент қаласындағы көшелердің бірінен ұсталды.

Тергеу барысында күдіктілердің 3-үшеуі де Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталып, екеуі бұрын дәл осы «Ұрлық» бабымен сотты болғаны белгілі болды. Сонымен қатар, күдіктілердің Ордабасы ауданында осы бір апта ішінде жасалған басқа 4 пәтер ұрлығына қатысты екендігі белгілі болды.

Полицейлердің анықтауынша күдіктілер күндізгі уақытта, үй иелері жұмыста болғанын пайдаланып, пластик терезелерін бұрағыштармен заңсыз ашу арқылы ұрлық жасап отырған.

Ал, жәбірленушілердің үйінен ұрланған алтын бұйымдарын алып сатарларға, базарларға және ломбардтарға өткізіп, ақшасын өз қажетіліктеріне жаратып отырған. Сондай-ақ кейбір жәбірленушілердің ұрланған заттары табылып, айғақты зат ретінде алынып, заңды иелеріне қайтарылды.

Одан бөлек, ұсталған қылмыстық топ облыс бойынша 16 пәтер ұрлығын жасағаны анықталды. Қазіргі таңда аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.