Түркістан облысында қызғалдақты қорғау акциясы өтті

0
553

Парктер шеруі кезінде 3 іс-шара жүзеге асырылады.


Түркістан облысында қызғалдақты қорғау акциясы өтті

Түркістан өңірінде қызғалдақты қорғау акциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Парктер шеруі – 2024» табиғатты қорғау экологиялық акциясын жыл сайын өткізіп келеді. Бұл акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттап, экологиялық мәдениетті дамыту және құқық бұзушылықтың алдын-алу.


Парктер шеруі кезінде 3 іс-шара жүзеге асырылады. Мәселен, «Парктер тынысы» фотокөрмесі, «Сырдың көркі – тораңғы» атты қоқыс тазалау шарасы және «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» акциясы өтеді.


Табиғи парк ұжымы биыл «Таза Қазақстан» науқаны бойынша «Парктер шеруіннің» акциясын еліміздің Қызыл кітабына енгізілген грейг қызғалдағы ең көп өсетін Бәйдібек ауданындағы таулы аймақта ұйымдастырылды.


Акция аясында «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» шарасы Бәйдібек маңындағы қызғалдақтар көптеп кездесетін орындар және Ақмешіт үңгірі, Бәйдібек ата кесенесінде өткізілді. Жалпы шараға 150 адам қатысып, 250 дана үнпарақ таратылды.


Онда табиғат жанашырлары ауданға келуші туристер мен мектеп оқушыларынаарнайы парақшалар таратып, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндірді. Мамандар акция аясында әсіресе «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктерді қорғауға ерекше ден қойып отыр.


Парк мамандарының айтуынша, Грейг қызғалдағы – өте әдемі, сәнді өсімдік. Грейг қызғалдағы өте сирек кездесетін түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қызғалдақтың бірнеше жүздеген мәдени сорттарының жабайы туысы. Өңірлік парктің барлық жерлерінде кездеседі. Боралдай өзенінің аңғарында гүлінің реңі ерекше өзгергіштігімен ерекшеленетін ең бағалы алқаптары шоғырланған. Басқа өте сәндік түрлер секілді популяция санының жағдайына бақылауды қажет етеді.


«Грейг қызғалдағын жұлған соң, ол 1 сағат ішінде солып қалады. Бұл гүл дәнімен көбейеді. Қызғалдақты жұлып алсақ, оның қайтып өсіп шығуына он жылдан аса уақыт кетеді. Сол себепті балаларға экологиялық сауаттылықты жастайынан сіңіруіміз қажет. Соңғы жылдары қызғалдақты жұлу біршама реттелген», – деді «Сырдария-Түркістан МӨТП» КММ-нің Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Нұрила Төре.


«Қазақстан – қызғалдақтар отаны» атты акцияның өткізілуі қызғалдақтардың түп отаны қазақ жері екендігін дәлелдеу. Мысалы, Қазақстанда қызғалдақтың 40-қа жуық түрі өседі. Оның жартысынан астамы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлері. Көшпенді халықтың көне ғимараттарында да қызғалдақ суреттері аз емес. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауи, Айша бибі кесенелерінде қолданылған кірпіштерде қызғалдақтар бейнеленген. Қызғалдақ тарихы 1050 жылдардағы парсы дастандарында да жазылған. Ол Азия еліне «тюльпан» есімімен танымал. Себебі, ертедегі түріктің бас киімі қызғалдаққа ұқсастығы себеп болған.


Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабында қызғалдақтарды заңсыз жұлғаны үшін, айыппұл немесе қоғамдық түзету жұмыстарына тарту қарастырылған.